БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– “Петропавлдағы “Dostyq Mall” сауда-ойын-сауық орталығында робот-ит келіп кетті. Дүрлігудің қажеті жоқ. Бұл – заманауи құрылғы. Полицияның көмекшісі десек болады. Оның өзіндік ерекшелігі бар. Осындай қоғамдық орындарда адамдарға арнайы дауыс зорайтқыш арқылы интернет-алаяқтық туралы хабарлайды”.
“Заманың түлкі болса, тазы болып шал” деген бар. Сауда орнында әрлі-берлі жүріп, маңызды хабарландырумен бөліскен робот-ит – бүгінгі заманның игілігі. Интернет-алаяқтарға қарсы күрестің мұндай түріне де көштік. “Үй сыртында” отырғандар қояр емес. Несиесі бар адамның өзіне несие алғызып, сан соқтыруда. Жабдыққа соңғы үлгідегі камера да орнатылады. Ол арқылы іздеуде жүрген немесе жоғалған адамды оңай анықтауға болады.
Қылмыскерлер мен із-түссіз жоғалғандарды бет-әлпеті арқылы автоматты түрде тіркейтін бейнебақылау құрылғысы Петропавлдың сауда орындарында және көшелерде де орнатылған. Заманауи дүние тұлғаны анықтаса, дыбыс шығарады. Ол жерге бірден жақын маңдағы полиция қызметкерлері жіберіледі.
МИХАИЛ ЗОЛКИН, СҚО ПД бөлім бастығы:
– “Биыл осы ауқымды жобаны жүзеге асырдық. Қаламыздың барлық сауда орындарында, әлеуметтік нысандарында ерекше жүйені іске қостық. Қазір жұмыс істеп тұр. Біздің міндетіміз – камералардың бұзылмауын қадағалау. Негізгі жұмысты өзі атқарады. Бізге көмекші десем, қателеспеймін”.
Нәтиже жаман емес. Жыл басынан бері Петропавлда заманауи құрылғы арқылы бір қылмыскер мен үш жоғалған адам анықталыпты.
Учаскелік инспекторлардың жұмысын жеңілдеткен жоба
Өңір полицейлерінің тағы бір жетістігі – учаскелік инспекторлардың жұмысын жеңілдеткен жоба. Бұрын тәртіп сақшылары міндеттерін қағаз жүзінде атқарып жүрді. Енді мамандар күнделікті шаруаларын саусақтың ұшымен тындыра береді.
МЕРГЕН БАЙМАНОВ, СҚО ПД бөлім бастығы:
– “Планшетте есепте тұрған адамдардың, қару ұстайтын адамдардың, шетелдіктердің аты-жөні бар. Бұл жұмысты жеңілдетіп отыр”.
Бүгінгі күні “Цифрлық учаскелік инспектор” жобасы аясында барлық тәртіп сақшысы арнайы планшетпен қамтылыпты.
Байболат Култанов