Экология

Петропавлда Еріктілер аллеясы ашылды

ЖАННҰР БЕКТҰРҒАНОВА, тілші:
– “Атадан мал қалғанша, тал қалсын” деп қазақ бекер айтпаған. Жасыл желек – айналаның көркі, оттегін беруші. Жазда ыстықтан қорғаса, қыста суық желден де сақтайды. Бүгін Петропавлда ағаш қоры молаймақ. Шаһардың Ойқала ықшам ауданында көшет отырғызылуда”.

Бүгінгі іс-шара “Таза Қазақстан” жалпыұлттық бастамасы аясында ұйымдастырылды. 100-ге жуық адам қатысып, 100 түп ағаш отырғызылған саябаққа “Еріктілер аллеясы” деген атау берілді.

ДАЯНА БАЙМҰҚАНОВА, “Штаб JE SKO” ҚБ төрайымы:
– “Еріктілер аллеясының Ойқала ықшам ауданында ашылуы кездейсоқ таңдалған жоқ. Көктемгі су тасқыны кезінде волонтерлер жергілікті тұрғындармен бірге апаттың салдарын жоюға белсене атсалысып, қолдан келгенше көмектесті. Бүгінгі жаңа аллеяны – сол жасалған қайырымды істің символы ретінде таңдадық”.

Жаңа аллеяның ашылуына орай “Эко-барабан” интерактивті алаңы ұйымдастырылды. Қатысушылар барабан айналдырып, түрлі сұраққа жауап берді. Дұрыс жауап айтқан жанға сыйлық берілді. Мұндай бастамаларға жастар жағы дән риза. Волонтерлер экомәдениет осындай іс-шаралардың нәтижесінде қалыптасады дейді.

БИБІТҰРСЫН СҰЛТАНАЗАР, қатысушы:
– “Мен университетке түскен сәтте волонтерлікке белсенді қатысамын деп шештім. Өйткені, Қазақстанға өзімнің үлесімді қосқым келді, белсенді болғым келді. Бұл шаралар интернет желісімен тарайды, бізден кейінгі ұрпақ көріп, бізден үлгі алады деген ойдамын”.

ЗАЙНИ НЫҒМЕТҚЫЗЫ, қатысушы:
– “Университетке оқуға түскен күннен сенбіліктерден қалған емеспін. Тазалық шарасының жастардың санасына берері мол. Елді мекенді таза ұстап, көркейту – әрқайсысымыздың азаматтық борышымыз”.

Эко-акция барысында қайың, долана және алма ағаштары
отырғызылды.