Қоғам

Мереке қарсаңындағы жеңілдіктер

АРУЖАН СҰЛТАНОВА, тілші:
– “Республика күніне орай Петропавлдағы сауда орындарында жеңілдіктер ұсынылып жатыр. “Republic Day” және “Bereke Fest” акциялары аясында тұрғындар түрлі тауарларды тиімді бағамен сатып ала алады. Жеңілдіктер 27 қазанға дейін жалғасады”.

Мерекелік акциялар тек Петропалды емес, облыстың аудандарын да қамтиды. Нақтырақ айтсақ, қазір “Republic Day” бастамасы аясында өңіріміздегі 10 сауда орнында жеңілдіктер қарастырылған. Ал “Bereke Fest” бойынша солтүстікқазақстандықтар 14 нысанға бас сұғып, азық-түлік пен өзге де тауарларды 30 пайызға дейінгі жеңілдікпен сатып ала алады.

СӘНИЯ ҒАБДУЛИНА, “Aimer” супермаркетінің бөлім басшысы:
– “Қазір “Aimer” супермаркеттер желісінде “Bereke Fest” акциясы өтіп жатыр. Жеңілдіктер 17 қазан күні басталды. Келушілер көбейді. Мерекелік бастама аясында сүт, құрғақ тамақ өнімдері және өзге де азық-түлік түрлері сатылуда. Тағы азық-түлікке жатпайтын тауарлар да сөреге қойылған. Адамдарға белгілі болу үшін өнімдерді арнайы “Bereke Fest” жалаушаларымен белгілеп қойдық”.

Мерекелік жеңілдіктерді тұрғындардың біразы біледі. Сауда орнында жолыққан жандар өздеріне қажетті тауарларды акция аясында молынан алыпты.
Хабарландыруға құлақ түріңіздер! 24-ші қазан күні “Dostyq Mall” сауда-ойын-сауық орталығында жергілікті тауар өндірушілердің жәрмеңкесі де өтеді. Онда облыс кәсіпкерлері мен “Бір ауыл-бір өнім” жобасының қатысушылары өз тауарларын ұсынады. Келушілерге концерттік бағдарлама да ұсынылмақ.

Аружан Султанова