Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жүргізушілер қашып кетті: Петропавл іргесінде шамадан тыс тас артқан жүк көліктері тоқтатылды

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ:
– “Сағат тілі түнгі 00:00-ге таяп қалды. МТРК арнасының түсірілім тобы қаламыздың “Оңтүстік” өткізу бекетінде тұр. Бұл жерге шұғыл шақыртумен келдік. Себебі, 15 жүк көлігі шамадан тыс жүк артып, жолға шыққан екен. Оларды арнайы мамандар тоқтатты. Қазір “жазалау” шаралары жүргізіліп жатыр”.

Карьерге иелік ететін кәсіпкерлердің именетін түрі жоқ. Оларға бұған дейін де таяқ тиді, дегенмен тәртіпке келер емес. Айналымда қыруар қаржы жүргендіктен бе, қос алақанды қайта-қайта ысқылайтындар заң бұзуда. Көліктік бақылау инспекциясының мамандары тексеріп жатқан жүк көліктеріне өте көп қиыршықтас артылыпты. Қолданылатын жаза – ірі көлемдегі айыппұл.

НҰРСҰЛТАН ЖАМАШЕВ, СҚО көліктік бақылау инспекциясының басшысы:
– “Әр көлікке орташа есеппен 1 млн теңгенің шамасында айыппұл салынады. Алайда, қазір бұл жазаны қатаңдату мәселесі қарастырылуда. Көлік иелері бүгінгі айыппұлға қарап жатқан жоқ”.

Кәсіпкерлер айыппұлға да, жол мен халықтың көңіліне де қарап жатқан жоқ. Шамадан тыс жүк артылған көліктер асфальтты шыдатпайды. Айтпақшы, тәртіп сақшылары тоқтату кезінде техника тізгініндегі жүргізушілердің кейбірі бұйрықты орындамады. Олар оқиға орынан табан жалтыратты.

НҰРСҰЛТАН ЖАМАШЕВ, СҚО көліктік бақылау инспекциясының басшысы:
– “Артымызда тұрған екі көліктің жүргізушісі қашып кетті. Полицейлер анықтау жұмыстарын жүргізуде. Компанияларды білеміз. Барлық құжаттар бізде бар”.

Өткен жазға оралайық. Шіліңгір шілдеде Петропавлдың іргесінде осыған ұқсас жағдай тіркелді. Онда рұқсат етілген нормадан асыра жүк артылған ондаған көлік тоқтатылған еді. Барлығының иесіне миллиондаған айыппұл салынды. Дегенмен, кәсіпкерлер сабақ алмаған сыңайлы.

Байболат Култанов