Өңірде орақ науқаны аяқталуға жақын. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарға тиесілі жердегі жұмыс толықтай тәмамдалыпты. Диқандар 2 млн 900 мың гектар алқаптан 4 млн 881 мың тонна өнім алған. Орташа шығымдылық 17 центнерді құрайды. Облыстағы астық қабылдау орындарына жеткізілген алтын дәннің көлемі 1 жарым млн тоннадан асып жығылады. Қабылданған өнімнің басым бөлігі – 3-ші және 4-ші сұрыпты бидай. Ал майлы дақылдарға арналған жердегі маңызды іс мәресіне таяды. Сонымен қатар, аймақта 487 мың тонна тұқым қоры әзірленіп, жоспар толығымен орындалды. Теріскейлік шаруалар мал азығын дайындау жұмыстарын да аяқтаған. Атап айтқанда, еңбеккерлер 1 млн 93 мың тонна шөп, 418 мың тонна пішендеме, 503 мың тонна сүрлем және 955 мың тонна сабан әзірлеп үлгеріпті.
Нурасыл Ахмет