Петропавлдағы жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжінде “Ұлы дала ойындары” ұлттық ойындар фестивалі өтті. Республика күніне орай ұйымдастырылған шараға 200-ден астам студент қатысты. Мұндай шаралар жас буынның спорттық әлеуетін шыңдап, ұлттық ойындардың сабақтастығын сақтауға мүмкіндік береді.
МЕЙРАМБЕК ӨТЕНОВ, тоғызқұмалақтан СҚО аға жаттықтырушысы:
– “Фестиваль аясында студенттер ұлттық спорттың 3 түрінен бақ сынауда. Ол: асық ату, тоғызқұмалақ және бес асық. Жарыстың басты мақсаты – ұлттық ойындарды жастар арасында насихаттап, дарынды спортшыларды облыстық және республикалық деңгейдегі бәсекелерге дайындау. Қазіргі таңда студенттеріміз тоғызқұмалақтан облыстық жарыстарда жақсы жүлделі орындарға ие болып жүр”.
Колледжде ұлттық спорт түрлерінен үйірмелер тұрақты жұмыс істейді. Студенттер асық ату, қазақ күресі секілді спорт түрлерімен айналысып, түрлі облыстық жарыстарда тәжірибе жинақтайды.
ӘБДІҚАДЫР ҚАСТЕРЛІ, қатысушы:
– “Өзім мектеп кезінде асық атып, колледжге келгелі осы спорт түрімен белсенді түрде айналысып жүрмін. Асық ату мергендікті, дәлдікті және шыдамдылықты арттырады”.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталады. Ал 1 аптадан кейін колледждің тоғызқұмалақшылары Тараз қаласында өтетін Қазақстан чемпионатына қатысады. Қазір қатысушылар республикалық додаға тыңғылықты дайындалып жүр.
Жансая Дербисова