Қоғам

Қоқыстан табылған сұйықтық екі адамның өмірін қиды

ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:
– “Өткен демалыс күндері Петропавлдағы көпбейінді қалалық ауруханаға ішімдік ішіп уланған үш ер адам жеткізілді. Олардың екеуі дәрігерлердің көмегіне қарамастан қайтыс болды. Бірі ауруханаға түскен күні көз жұмды, екіншісі үш тәуліктен кейін өмірден өтті. Ал үшінші науқастың өмірі үшін ақ халаттылар әлі де күресіп жатыр”.

Тұрғындардың барлығы – қала тұрғындары. Олар аруханаға 18-ші қазан күні кешкі 17:00 мен 18:00 аралығында ауыр жағдайда жеткізілген. Жерлестеріміз бір бөтелкедегі сұйықтықты ішіп, көп ұзамай уланған көрінеді.

ГҮЛНӘР ҚАЛИЕВА, СҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
– “Үшеуі де ер адам. Олар 75, 52 және 48 жаста. Соңғы екеуі ауруханада көз жұмды. Ал 75 жастағы ер адамның жағдайы ауыр. Дәрігерлер барынша медициналық көмек көрсетуде. Улану себептері анықталуда”.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, қала тұрғындары ішінде белгісіз сұйықтық құйылған бөтелкені қоқыс жәшігінен тауып алған. Кейін оны үйге апарып ішкен. Бұл туралы зардап шеккен жандардың жақындары хабарлаған екен.

ЖАНБОЛАТ МАХАТОВ, Петропавл қалалық ПБ №2 бөлімінің бастығы:
– “Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, олар ішімдікті қоқыс жәшігінен тапқан. Қазіргі таңда ішілген сұйықтықтың бір бөлігі тәркіленіп, зертханаға жіберілді. Оның нәтижесінен кейін нақты шешім шығаратын боламыз. Адам өліміне әкеп соққан оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда тексеріс жүргізілуде”.

Тексеріс қорытындысы бойынша процесуалдық шешім қабылданады. Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері мен полицейлер қосымша дерекпен алдағы уақытта бөлісетін болады.

Улан Ыдырыс