Мәдениет

Ерекше балалар жасаған ерекше туындылар

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– “Әр баланың бойында талант бар. Ең бастысы – сол қабілетті байқап, аша білу. Жуырда Петропавлда аутистік спектр бұзылысы бар балаларға арналған “LIFE CRAFTING” жобасы іске қосылды. Игі бастама аясында мамандар ерекше ұл-қыздарды қоғамға бейімдейді, спорттық қабілеттерін дамытады, шығармашылыққа баулиды. Бүгінгі көрме – соның бір дәлелі. Мына туындылардың барлығы – жобаға қатысушы балалардың жұмысы”.

Шара Халықаралық мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау күніне орай ұйымдастырылды. Көрмеде көздің жауын алатын кестелер, сабын мен гипстен жасалған түрлі заттар мен суреттер қойылған. Балалар туындылардың барлығын “LIFE CRAFTING” жобасы аясында жұмыс істейтін орталықтарда жасаған.

ҒАЛИЯ БАЯЗИТОВА, “LIFE CRAFTING” жобасының жетекшісі:
– “11 үйірмеміз бар. Онда балаларға бастапқы тігін дағдыларын үйретеміз. Арнайы шамдар жасаймыз. Ұл-қыздар күнделікті өмірге қажетті дүниелерді істейді”.

Мамандардың сөзінше, аутизмге шалдыққан балалардың қоғамға деген көзқарасы мен ойлау қабілеті басқаларынан өзгеше. Оны мына туындылардан көруге болады. Суреттерде ашық бояулар үйлесім тапқан, қолөнер бұйымдары да ерекше. Әрқайсысы адамды баурап алады. Қоса кетейік, “LIFE CRAFTING” жобасы Петропавлда шілде айынан бері жүзеге асырылуда. Оның аясында 100-ге жуық бала орталықтарда тәлім алады. Нәтиже жаман емес.

ҒАЛИЯ БАЯЗИТОВА, “LIFE CRAFTING” жобасының жетекшісі:
– “Бізге сурет сала алмайтын, адаммен аса қатты сөйлеспейтін балалар келді. 3 айдың ішінде ұл-қыздарда даму байқалады. Зор жетістіктерге жеттік”.

Орталыққа баратын балалардың ең кішісі – 5 жаста, ал үлкені – 18-де. Соның бірі – Темірлан. Ол көрмеге 6 бірдей суретін әкеліпті. Әрбіреуі кәсіби суретшілердің туындыларынан кем емес. Анасы Замира Самарқанова ұлынан оң өзгерістерді байқап жүр.

ЗАМИРА САМАРҚАНОВА, ата-ана:
– “Өзгерістер бар. Балам кітап оқып жүр. Адамдармен сөйлеседі. Үйірмелер өзіне ұнайды”.

Бейнелеу өнері музейіндегі көрмеде 100-ге жуық туынды ортаға қойылды. Қала тұрғындары мен қонақтары жұмыстарды 26-қазанға дейін тамашалай алады.

Нурасыл Ахмет