“Ас – адамның арқауы” демекші, 20-шы қазан – Халықаралық аспаздар күні. Осыған орай Петропавлда қоғамдық тамақтану саласы мамандарының басы қосылды. Биыл өңірде аспаздар мен мейрамхана бизнесі өкілдерінің кәсіби мерекесі алғаш рет ресми түрде аталып өтті. Салтанатты жиында сала үздіктері марапатталып, құрметке бөленді.
ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– “Тамақтандыру саласының қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мереке – күнделікті қажырлы еңбегімен, халыққа сапалы қызмет көрсетіп, қонақжайлылық пен дәстүрімізді дәріптеп жүрген барша сала мамандарының көрсетілген құрметінің айқын белгісі”.
Юрий Дубининнің аспаздық саладағы еңбек өтілі 30 жылдан асады. Ол өзінің кәсіби жолында қазақстандық және шетелдік жоғары деңгейдегі ресми делегацияларды қабылдауға қатысып, ел Президентіне де ас әзірлеген. Білікті маман ұлттық және еуропалық асханаға жататын тағамдарды дайындаған. Бүгінде тәжірибелі аспаз жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, олардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына үлес қосып жүр.
ЮРИЙ ДУБИНИН, Қазақстан шеф-аспаздар қауымдастығының солтүстік өңірдегі өкілі:
– “Бізде жас аспаздарға арналған шеберлік сыныптарын өткізуге көмектесетін рестораторлар мен отельерлер қауымдастығы бар. Сондай-ақ, біз мейрамхана әкімшілігінің шақыруымен жұмысқа қабылданып жатқан жандардың дәрежесін анықтау іс-шарасына қатысамыз. Бұл салада маман тапшы, ал жұмыс жүгі ауыр”.
Биыл жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде қос жаңа мамандық ашылды
Болашақ мамандарды даярлауда колледждердің де қосатын үлесі зор. Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде аспаздар, кондитерлер мен технологтар оқытылады. Биыл білім беру ұйымында даяшы және іс-шараларда қызмет көрсету менеджері бағыттары бойынша жаңа мамандық ашылған. Колледждің түлектеріне деген сұраныс жоғары. Мұнда тамақтандыруды ұйымдастыру бағыты бойынша жыл сайын 200-ге жуық студент қолға диплом алып шығады.
ЕКАТЕРИНА КАЛГАНОВА, Жоғары құрылыс-экономикалық колледжі директорының орынбасары:
– “Колледжде барлығы – мыңнан астам адам оқиды. Жастарға сапалы білім беріледі, оның айғағы – түлектерімізге деген сұраныстың жоғары болуы және жүз пайыз жұмыспен қамтылуы. Сол себепті, бұл мамандық әрдайым сұраныста болады”.
Шара барысында бірқатар маман салаға қосқан зор үлесі үшін облыс әкімінің марапатына ие болды.
Аружан Султанова