Білімі терең, ойы жүйрік, сөзі салмақты ұл-қыздардың сайысы. Петропавлда оқушылар арасында дебат турнирі өтті. Шара алда келе жатқан Республика күніне орай ұйымдастырылды. Пікірсайыста қаладағы 4 мектептен келген командалар бақ сынады.
Шарада қатысушыларға заң мен тәртіп және Тәуелсіздік жайлы тақырыптар берілді. Алдымен оқушылар 15 минут бойы ұсынылған тақырыпты зерттейді. Бір тарап мәселені қолдаса, екіншісі оған қарсы дәлелдер келтіруі тиіс. Дәлелі дәйекті, уәжі уытты болған командалар жеңімпаз атанады. Виталина Щавинская қалалық дебат турниріне алғаш рет қатысып отыр. Бұның алдында мектепішілік сайыста топ жарыпты.
ВИТАЛИНА ЩАВИНСКАЯ, қалалық №7 орта мектептің оқушысы:
– “Дебат турнирлеріне жиі қатысудың нәтижесінде ой өрісім кеңейеді, ораторлық қабілетім шыңдалады. Пікірсайысқа 1 апта ғана дайындалдық. Бірнеше кітапты оқыдық. Өзіме қажетті мағлұматтар алдым. Бүгінгі жарыста топ жарып, облыстық сынға жолдама алуды көздейміз”.
Сайыста жеңімпаз атанған команда бағалы сыйлықтармен марапатталады. Айта кетейік, қалалық білім бөлімінің мамандары Республика күніне арналған шараларды апта соңына дейін өткізуді жоспарлап отыр.
Нурасыл Ахмет