Қоғам

Теріскейлік құтқарушылар құрметке бөленді

19 қазан – Құтқарушылар күні. Бүгінгі күннің батыры кім десе, тізімнің басында төтенше жағдайлар қызметінің мамандары тұратыны айдан анық. Олар тілсіз жаумен күн-түн демей тайсалмай күресуге даяр. Адам өмірінің арашасы – жауапты саланы таңдаған жандар. Дәстүрлі мерекеге орай Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында салтанатты шара өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов қатысып, азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

НҰРЛАН КЕҢЕСОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– “Ең алдымен баршаңызды облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың атынан кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын”.

Жиында ел тыныштығы мен тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген мамандарға құрмет көрсетілді. Бірқатар құтқарушы “Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін” төсбелгісімен және “Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін” медалімен наградталды. Сондай-ақ, салада мінсіз қызметімен көзге түскендерге түрлі дәрежедегі медальдар, Төтенше жағдайлар министрлігінің Құрмет грамотасы мен “Еңбек ардагері” медалі табысталды. Көпшілік алдында арнайы шен алғандар да болды.

ЕРІК ҚҰДАБАЕВ, қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы:
– “Еңбек жолымды 2000-шы жылдың қаңтарында өрт сөндіруші болып бастадым. Содан бері 26 жылдан астам уақыт өтті. Осы аралықта аға өрт сөндіруші, бөлімше командирі, қарауыл бастығы, өрт сөндіру бөлімінің бастығы сияқты түрлі лауазымда қызмет атқардым. Алғашқы шақыртуым әлі есімде. Емхананың артқы жағындағы күзетшінің бөлмесі өртке оранған еді. Сол кезде тәжірибелі әріптестерім ішке кіріп, күзетшіні аман алып шықты. Ал ең есте қалған оқиғаның бірі – тоғызыншы қабаттағы пәтердің балконы жанған кез. Сол кезде баспалдақ арқылы балалар мен ересектерді құтқардық. Бүгін құрметке бөленіп, “полковник” шенін алдым, өте қуаныштымын”.

Төтенше жағдайлар саласындағы еңбек тек өрт сөндіру мен құтқару жұмыстарымен шектелмейді. Тұрғындарды жедел әрі нақты ақпаратпен қамтамасыз етіп, мамандардың жұмысын көпшілікке таныстыруда баспасөз қызметінің де маңызы зор. Бұл бағытта төрт жылдан бері тер төгіп келе жатқан Сәбит Ибраев ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.

СӘБИТ ИБРАЕВ, СҚО ТЖД баспасөз қызметінің қызметкері:
– “Министр Мұрат Сейтмолдаұлының атынан Алғыс хат алып жатырмын. Өте қуаныштым, барша облысымыздың құтқарушыларын мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын!”

Іс-шара соңында жиналған қауымның назарына арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды.

Улан Ыдырыс