Петропавлда Республика күніне орай үстел теннисінен ашық қала чемпионаты өтті. Оған 150-ден астам адам қатысты. Қолына ракетка алған спортшылар шаһарымызға облыстың аудандарынан және Қостанайдан, Көкшетаудан, Қарағандыдан, Астанадан, сонымен қатар Ресейдің Омбы қаласынан келді.
Чемпионатта көрермен нағыз тартыстың куәсі болды. Спортшылардың ептілігі, шапшаңдығы мен жанкештілігі таң қалдырады. Олар көз ілеспес жылдамдықпен ұшқан шарды қайта-қайта соғып, әр ұпайға таласты. Қарағандылық Владимир Брызгалов – тәжірибелі теннисші. Петропавлға тек жеңімпаздық атақ үшін келіпті.
ВЛАДИМИР БРЫЗГАЛОВ, қатысушы, Қарағанды қаласы:
– “Үстел теннисімен 2002 жылдан бері айналысамын. Ол кезде 25 жаста едім. 2015 жылы “Спорт шеберлігіне үміткер” атағын алдым. Бұл жарыс туралы жергілікті танысымыз шақырғанда білдік. Қонаққа келіп, бақ сынап көрейік деп шештім. Әлгінде шеберлік сынасқан қарсыласым өте мықты болды. Намысқа тырысып, 3:2 есебімен жеңіске жеттім. Қазір екінші ойынымды өткізіп жатырмын. Бұл жолғы қарсыласым одан да мықты екен. Барымды салып, жеңуге тырысамын”.
Жарыста бақ сынаған тәжірибелі спортшылардың да, жастардың да өнері керемет. Петропавлдықтар түрлі санатта бақ сынады. Жерлестеріміз өздерінің осал еместіктерін дәлелдегісі келеді.
РУСЛАН ҚОЖАЕВ, Петропавл қалалық үстел теннисі орталығының басшысы:
– “Заманауи үстел теннисі орталығының салынуы өңірде аталған спорт түрінің қарқынды дамуына жол ашты. Мемлекет басшысының және облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің қолдауының арқасында соңғы 2 жылда тенниске қызығушылық артты. Балалар республикалық жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына тұрақты қатысып жүр. Соның нәтижесінде жас спортшылардың жетістіктері де айтарлықтай жақсарды”.
Қоса кету керек, Республика күніне орай ұйымдастырылған үстел теннисінен ашық қала чемпионатында ең үлкен қатысушының жасы 70-тің үстінде болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер құрқол қайтпады. Олар ақшалай сыйақымен марапатталды.
Аружан Султанова