Білім

Петропавлда педагогтердің арасында облыстық пікірсайыс турнирі өтті

Петропавлда педагогтер арасында облыстық дебат турнирі өтті. Шараға “Қос аңыз кубогі: Заң мен тәртіп – елдің тірегі” тақырыбы арқау болды. Пікірсайысқа қала мен өңірдің барлық ауданынан 30 команда қатысты. Олар қазақ және орыс лигасы болып екіге бөлінді. Әр құрамада 1 директор мен 1 жас маман бар.

ФАРХАТ ТАСТАМБЕКОВ, пікірсайыс төрешісі:
– “Шарада қатысушылардың жылдам шешім қабылдау қабілетіне және жауаптың дұрыстығына ерекше мән береміз. Ең үздік спикерлерді анықтаймыз. Сайыс жас мамандардың тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді. Директорлар өздерінің біліктілігін дәлелдейді”.

Сайыс америкалық парламенттік форматта өтті. Яғни, қатысушыларға “Заң мен тәртіп” тұжырымдамасы, “Адал азамат” біртұтас тәрбие бағдарламасы бойынша тақырыптар берілді. Педагогтер топ-топқа бөлініп, ұсынылған тақырыпты жіті зерттеп, өз ұстанымдарын қорғады. Бір тарап мәселені қолдаса, екіншісі оған қарсы дәлелдер келтірді. Командалар өз ойларын дәйексөздермен негіздеп, қарсыластарының уәждеріне жауап берді.

АЖАР СЫЗДЫҚОВА, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының мұғалімі:
– “Сайысқа 1 ай дайындалдық. Конституцияны оқыдық, “Адал азамат” біртұтас тәрбие жобасы бойынша білімімізді шыңдадық”.

Дебатта қатысушылар пікірді жүйелі түрде жеткізіп, нақты дәлелдер ұсынып, қарсы тараптың ұстанымын сын тұрғысынан талдауы қажет. Яғни, арық айтып, семіз шығу мүмкін емес. Бұны Ақжар ауданы Алқатерек орта мектебінен келген педагогтер жақсы түсінеді. Сайысқа тыңғылықты дайындықпен келген.

САЙРАН САЛАХИЯТҚЫЗЫ, Алқатерек орта мектебі директорының орынбасары, Ақжар ауданы:
-“1-ші кезең өте қызықты өтті. “Адал азамат” біртұтас тәрбие бағдарламасы бойынша сұрақтар келді. Жас маманмен 2 ай бойы дайындалдық”.

Пікірсайыс турнирін “Әдістемелік орталық” мамандары ұйымдастырды. Оған 60 педагог қатысты. Қорытындысы бойынша қазақ лигасында Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының командасы топ жарды. Ал орыс лигасында Мамлют ауданынан келген педагогтер жеңімпаз атанды.

Нурасыл Ахмет