Денсаулық сақтау

Петропавлда қатерлі дертке қарсы жаппай жүгіру шарасы өтті

Өткен демалыс күндері Петропавлда сүт безі қатерлі ісігі туралы хабардарлықты арттыруға арналған арнайы акция ұйымдастырылды. Оның барысында қыз-келіншектер ескі саябақтағы жаяу жүргіншілер жолымен жүгіріп өтті. Қазақстанда аталмыш дерт әйелдер арасында жиі кездесетін онкологиялық аурулардың көшін бастаған. Қазір облыста сүт безі қатерлі ісігіне шылдыққан 2 мың 470 адам есепте тұр. Биыл жаңадан есепке 171 адам алынды. Өткен жылы бұл дерттен 41 әйел көз жұмса, жыл басынан бері 28 өлім жағдайы тіркелді.

ҚАЛИЯ ТӨРЕНОВА, іс-шараны ұйымдастырушы:
–  “Біз сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан жандарға осылай қолдау көрсеткіміз келеді. Ауыр дертке шалдыққан жандар жалғыз емес екенін сезінуі тиіс. Қолдауды сөзбен емес нақты іспен көрсетеміз. Бүгінгі іс-шараға жиналған қыз-келіншекетердің қарасы қалың. Бұл көз қуантатын жағдай. Осы ретте әрбір нәзікжандыны денсаулығына жауапкершілікпен қарап, дәрігерге уақытылы қаралуға, тексеруден өтуді кейінге қалдырмауға шақырамыз”.

Іс-шараға қатысушылар әуелі таңғы жаттығудан бастады, кейін саябақты бір айналып жүгіріп өтті.  Қашықтық дене дайындығы әртүрлі адамдарға қолайлы етіп таңдалған. Қатысушылардың сөзінше, жүгіру – денсаулықты нығайтудың ең қолжетімді тәсілі. Ол үшін арнайы құрал-жабдықтың да, кәсіби дайындықтың да қажеті жоқ.


Ұйымдастырушылар мұндай акцияларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр. Осындай бастамалар салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, аурудың алдын алуға мүмкіндік береді.

Улан Ыдырыс