Білім

Білгірлер бәсекесі: Петропавлда IT-жобалар байқауының финалы өтті

Петропавлда IT-жобалар байқауының финалы өтті. Ақтық сынға 50-ден астам өтінімнің ішінен іріктелген 15 үздік жоба қатысты. Жас дарындар жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және мобильді қосымшалар бағытындағы әзірлемелерін ұсынды. Ойы ұшқыр жандардың бәсекесін өңірлік SKO Hub ұйымдастырды.

ЗУЛЬФИЯ ТУХВАТУЛЛИНА, SKO Hub-тың менеджері:
– “”PIZZA PITCH” біз үшін жаңа форматтағы байқау емес. Мұндай байқауды тоқсан сайын өткізіп тұрамыз. Бұл жолы жастардың белсенділігі ерекше дер едім. Екі аптаның ішінде 60-қа жуық өтінім түсті. Осылайша рекордтық көрсеткіш тіркелді. Осы сынды шаралар жас әзірлеушілерге өз идеясын таныстырып, мүмкіндіктерін бағалауға көмектеседі. Сонымен қатар, болашағы бар жобаларды анықтап, оларды әрі қарай дамытуға жол ашады”.

Байқауға қатысу үшін жас ерекшелігіне қатаң шектеу қойылмаған. Ең бастысы – IT саласына қызығушылық танытып, жаңа идея ұсыну. Жобалар түрлі бағытты қамтыды. Соның бірі – интернет-дүкендерге арналған “SmartFit” виртуалды киім өлшеу құралы. Оны Қозыбаев университетінің 2-курс студенті Артём Анохин әзірлеген. Туынды сатып алушыға киімді сатып алмай тұрып, оның өзіне қаншалықты жарасатынын көрсетеді.

АРТЁМ АНОХИН, қатысушы:
– “Менің жобамның негізгі мақсаты – киімнің өлшемі сәйкес келмеуіне байланысты қайтарымдарды азайту. Жұмыс істеу тәртібі қарапайым: сатып алушы өзінің бойының өлшемін жазып, алдынан және қырынан түсірілген екі фотосын жүктейді. Жасанды интеллект осы мәліметтерді талдап, адамның дене өлшемдерін белгілі бір брендтің киім үлгілерімен салыстырады. Осылайша, тұтынушы киімді сатып алмай тұрып оның өзіне қаншалықты сәйкес келетінін көре алады”.

Жобаның пайдасы бар. Бәріміз білетіндей, интернет арқылы тапсырыс берілген киімнің өлшемі сәйкес келмесе, оны қайтаруға тура келеді. Бұл сатушыға қосымша шығын әкелсе, сатып алушының уақытын алады. Артём Анохиннің айтуынша, туындысын әзірлеуге шамамен үш ай жұмсаған. Енді ол жобасын жетілдіріп, қолданыс аясын кеңейтуді көздейді.

НАТАЛЬЯ ГАЛЕЕВА, қазылар алқасының мүшесі:
– “Біз жас стартап авторларының жобаларын бағалаймыз. Жұмыстарын қорғауға 3 минут уақыт беріледі. Ең алдымен, олардың идеясына, креативтілігіне және күнделікті өмірде қолдану мүмкіндігіне назар аударамыз. Туындының қаншалықты пайдалы әрі ерекше екені маңызды. Сонымен қатар, қатысушылардың өз ойын жеткізуі, жобасын сауатты таныстыруы да бағаланады. Себебі, жақсы идеяны әзірлеумен қатар, оның артықшылығын өзгелерге түсіндіре білу де қажет”.

Қазылар алқасы бес негізгі критерий бойынша бағалау жүргізіп, үздік үш жобаны анықтады. Жеңімпаздарға жалпы сомасы 150 мың теңге болатын ақшалай сыйлық табысталады. Ал байқау жас әзірлеушілерге өз идеяларын жетілдіріп, келесі стартап сайыстарына қатысуға мүмкіндік береді.

Аружан Султанова