Мәдениет

«Белес»: ҚР мәдениет қайраткері Қайырлы Ғафуровтың шығармашылық кеші

САНДУҒАШ ҚАЙЫРБЕК, тілші:
– “Ақан сері атындағы облыстық филармонияда теріскейдегі өнер өрісін кеңейтіп жүрген Қайырлы Ғафуровтың «Белес» атты шығармашылық кеші өтуде. Ол өңірге ақын, әнші, дирижер ретінде танымал. Сонымен қатар, талай шәкірттің томағаcын сыпырған ұлағатты ұстаз. Бүгінгі шарада өнерпаздың шығармашылық жолы көрерменге ұсынылмақ”.

Кешін биші қыздар бастаған Қайырлы Ғафуров – Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының тумасы. Ол 1998 жылдан бері Қызылжар өңірінде тер төгіп келеді. Өнердегі алғашқы еңбек жолын облыстық филармонияда бастады. Қазіргі таңда Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптар оркестріне жетекшілік етеді әрі Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжінде ұстаздық қызмет атқарады.

Тыңдарман қауымға керемет әнін, жүрекжарды жырын арнаған Қайырлы Ғафуров – сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Оның ақындық қырын да жоғары бағалау керек. Жерлесіміз талай айтыста төбе көрсетті. Жазған әндері де жетерлік. Дарынды өнерпаз ердің жасына жеткенде Қызылжар төрінде кеш ұйымдастыруды жөн көріпті.

ҚАЙЫРЛЫ ҒАФУРОВ, Сегіз сері атындағы халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі, ҚР мәдениет қайраткері:
– ««Белес» атауын қоюдағы мақсатым – жүріп өткен жолымды саралап, қандай жетістіктерге жетіп, қандай жұмыстар атқарғанымды көрермен алдында қорытындылау. Бүгінгі кеште жаңа әндерім орындалады, Түркістан, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген әріптестерім қатысады. Сондай-ақ, Алматыдан арнайы келген қонағымыз – Рамазан Стамғазы ағамыз».

Кеште Қайырлы Ғафуровтың ізін басқан ақындар жауһар жырларын төкті. Қара домбыраны кезек-кезек қаққан айтыскерлердің өнері тойға нағыз тарту, тұздық болды. Патша көңіл көрермен сахнада мерейтой иесінің дирижерлік өнеріне тағы бір сүйсінді. Ағамыз қос таяқтың нұсқауымен оркестрді ойнатты. Бой тітіркенетін сәт.

Оркестр көпшілік алдында әйгілі күйлер мен музыкалық шығармаларды жоғары деңгейде орындап шықты. Кеште тыңдарман Қазақстанның Халық әртісі Рамазан Стамғазымен де қауышты.

РАМАЗАН СТАМҒАЗЫ, Қазақстанның Халық әртісі:
– «Мен Қайырлымен санаулы жылдар бұрын ғана танысқанмын. Қызылжардың шеңберінде ғана емес, бүкіл қазақ елінің музыка әлемінде Қайырлыны танитын адамдар көп. 50 жылдық мерейтойда халқымен қауышу, ел алдында есеп беру – әрбір өнерпаздың үлкен арманы. Ағасы ретінде, әріптесі ретінде мені арнайы шақырды, мен қуана-қуана келдім».

Айта кетейік, айтулы шараға 500-ге жуық көрермен жиналды. Жұртшылық Қайырлы Ғафуровтың алдағы жоспарынан да құлағдар болды. Жақын болашақта Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі Италияға барып, ұлы өнерімізді танытпақ.

Сандугаш Кайырбек