Білім мен парасатты, тәрбие мен тағылымды тоғыстырған қарашаңырақ. Петропавлда Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның 30 жылдығы кең көлемде атап өтілді. Мерейтойға орай салтанатты шара ұйымдастырылып, онда оқу орнының өткені мен бүгіні жайлы сөз болды. Көпшілікті мерейлі датамен облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов құттықтады, қуанышты жаңалықпен бөлісті. Ендігі жылы облыс әкімінің бастамасымен гимназия күрделі жөндеу көреді. Қазір жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр.
ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, облыс әкімінің орынбасары:
– “30 жыл – білім беру ұйымының қалыптасу тарихы ғана емес, оның ел болашағына қосқан үлесін, ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілігін айқындайтын кезең. Бұл бағытта қарашаңырақ ауқымды жұмыс атқарды”.
Өткенді білмей, болашаққа қадам басу мүмкін емес. Шара барысында мектептің қалыптасуына, дамуына зор үлес қосқан ардагер ұстаздарға құрмет көрсетілді. Аға буын өкілдері де гимназия мерейтойына арнайы сыйлықпен келген.
Сабыр Әбілкәрімов мектеп ашылған жылы директордың орынбасары болып еңбек етті. Ардагер ұстаздың айтуынша, сол жылдары қарашаңырақ ұжымы талай қиындықты бастан кешірді. 3-4 ай бойы жалақы алмаған кездер де болды. Бірақ, шаһарда қазақи ортаны қалыптастыруды мақсат тұтқан жандар еш мойымады. Қайтпас қайсар педагогтердің арқасында білім ұясы аяғына нық тұрды.
САБЫР ӘБІЛКӘРІМОВ, С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның тұңғыш оқу ісінің меңгерушісі:
– “Мектеп ашылған жылы 206 оқушы қабылдадық. 7 сынып қана болды. Оқу орнында оқулықтар мен парталар жетіспеді. Жангелді Уақпанұлы екеуміз демалыс күндері жабылып жатқан мектептер мен зауыттарды аралап, қажетті заттарды жинадық”.
30 жылдың ішінде мектептен мыңнан аса оқушы түлеп ұшты. 29 “Алтын белгі” иегері бар. 37 ұл-қыз білім ұясын “Үздік аттестатпен” аяқтады. Шығармашылық және спорттық сайыстарда жеңімпаз атанғандары қаншама. Бүгін солардың кейбірі салтанатты шараға келді. Әрқайсысының білім ұясына алғысы шексіз.
ГҮЛДЕН ТӨЛЕГЕН, гимназияның 2007-ші жылғы түлегі:
– ” Біз мектеп ашылған жылы бірінші сыныпқа бардық. Мектеп ұстаздары бізді білімге де, ғылымға да, спортқа да баулыды”.
АРАЙЛЫМ САҒЫНДЫҚОВА, гимназияның 2022-ші жылғы түлегі:
– “Гимназияның арқасында тұлға болып қалыптастым. Алған білімім өмір жолында зор көмегін тигізіп жүр”.
30 жыл бойы талай жастың талабын ұштап, таным көкжиегін кеңейткен ұлағатты ұстаздардың да жетістігін айта кету керек. Мұндағы педагогтер – кешегі Ыбырай мен Ахметтердің лайықты ізбасарлары. Олардың төкке тері лайықты бағаланып та жүр. Білім ордасының негізі қаланғаннан бері 3 мұғалім “Қазақстанның үздік педагогы” атағын иеленген.
Нурасыл Ахмет