Петропавлдағы “Digital Urpaq” оқушылар сарайында “Тіл – бірлік пен үйлесім негізі: жаңа дәуірдегі тіл саясаты” тақырыбында республикалық семинар өтті. Жан-жақтан сала өкілдері шақырылған іс-шараның мақсаты – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, ғылым тілі ретінде дамуына ықпал ету және цифрлық дәуірдегі мүмкіндіктерін талқылау. Ауқымды әрі маңызды жұмыс. Осы орайда арнайы стратегия әзірленген. Мұны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Қайыржан Рахымжанов айтып өтті.
ҚАЙЫРЖАН РАХЫМЖАНОВ, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы:
– “Осы тұжырымдаманың ішінде нысаналық 10-шы индикатор және 70 іс-шара бар. Оларды ішінде жергілікті атқарушы органдар, облыстық әкімдіктер іске асыратын жобалар бар”.
Цифрлық технологиялардың дамуы тіл саясатына да жаңа міндеттер жүктеп отыр. Осы бағытта қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге арналған түрлі IT жобалар жүзеге асырылуда.
ҚАЙЫРЖАН РАХЫМЖАНОВ, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы
– “Қазіргі таңда әр сала цифрландыруға көшіп жатыр. Тіл саласы да бір орында тұрған жоқ. Біз де қоғаммен бірге ілесуіміз керек. Қазіргі таңда әртүрлі IT-жобаларды іске қосудамыз”.
Қазақ тілінің дамуына цифрлық тұрғыдан қолдау көрсетіп жатқан – Назарбаев университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты. Елордадағы мамандар ана тілдің қолданыс аясын кеңейтіп қана қоймай, отандық технологияларды жетілдіріп отыр. Бүгінде жоғарғы оқу орнының өкілдері мен студенттері қазақ тілін түсінетін, сөйлейтін және мәтінмен жұмыс істейтін модельдер әзірлеген.
ЕРБОЛ АБСАЛЯМОВ, Nazarbayev University жанындағы Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) атқарушы директоры:
– “Соңғы шыққан модель – “Дубляж”. Ол кез келген әлеуметтік желіден алынған видеоға қазақша дубляж жасайды. Оны бүгін көрерменге көрсететін боламыз. Бұдан бөлек “Құпия” дейтін модель бар. Құжат енгізген кезде жеке немесе құпия дерек көрінсе, оны бүркемелейді”.
Бұдан бөлек, семинар аясында қатысушылар ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ғылыми терминологияны қалыптастыру мәселелерін де ортаға салды. Панорамалық көрме де ұйымдастырылды. Мұнда қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі әлеуеті таныстырылды.
Улан Ыдырыс