Петропавлдағы “Qyzyljar” креатив орталығында “Мисс және Мистер волонтер-2026” байқауы өтті. Игі істің басы-қасында жүрген ерікті жастардың конкурсы үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Сайыс іріктеу және қорытынды кезеңнен тұрады. Бүгінгі ақтық сынға 10-нан астам ұл-қыз жолдама алған.
ДАЯНА БАЙМҰҚАНОВА, “Штаб JE SKO” ҚБ төрайымы:
– “Биыл байқаудың ақтық сынына 15 қатысушы жолдама алды. Оның 10-ы – қыз, 5-еуі – жігіт. Жеңімпаздар “Мисс және Мистер Волонтер-2026″ атағына ие болады. Сонымен қатар, бірінші және екінші вице-мисс пен вице-мистер анықталады. Бас жүлде иегерлеріне 120 мың теңгенің ақшалай сертификаты табысталса, жеңіс тұғырынан көрінген өзге қыз-жігіттерге 100 және 80 мың теңге беріледі”.
Байқаудың ақтық сыны 3 кезеңнен тұрады. Алдымен қатысушылар қазылар алқасына өздерін таныстырады. Кейін қоғам өміріне қатысты сұрақтарға жауап береді, соңында өздері дайындаған шығармашылық нөмірлерін ұсынады.
МӘЛИКА АСҚАРБЕК, қатысушы:
– “Еріктілер қозғалысына қосылғаныма үш жыл болды. Ол кезде 7-ші сынып оқушысы едім. Бүгінгі іс-шараға қатысқаныма қуаныштымын. Ұзақ дайындалдым. Құрбыларыммен арнайы би әзірледік. Бүгін жеңімпаз атансам, төбем көкке жетеді. Ал жеңіске жетпесем, үйге мұңаймай қайтамын. Бұл мен үшін зор тәжірибе дегім келеді”.
Айта кетейік, байқау қорытындысы бойынша жүлдеге лекпеген барлық қатысушыға 40 мың теңгенің сертификаты табысталады.
Улан Ыдырыс