Қоғам

Петропавлда азаматтық қорғау органдары ардагерлерінің форумы өтті

Петропавлдағы Алтынбек Әбдірахманов атындағы №5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде азаматтық қорғау органдары ардагерлерінің форумы өтті. Форумның негізгі бөлігі басталғанша арнайы шақырылған құрметті қонақтар ант қабылдау рәсімінің куәсі болды. Аға буын өкілдерінің алдында кезіндегі өздері сияқты жас қызметкерлер шығып, адал қызмет етуге серт етті. Сонымен қатар, далада жиналғандарға заманауи өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникалары таныстырылды

НҰРЛАН СЕЙІТЖАНҰЛЫ, СҚО ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы:
– “Өздеріңіз көргендей, жас қызметкерлер ант қабылдады. Бұл – арнайы ойластырылған шара. Біз жастардың біздің алдымызда еңбек еткен азаматтарды көргенін, ақылдарын тыңдағанын қалаймыз. Меймандардың басын былтыр ғана ашылған өрт сөндіру бөлімінде қостық. Мұның да өзіндік себебі бар. Ардагерлер бұрын ескі нысандарда қызмет етті. Олар жағдай өзгергенін, саланың алға басқанын көріп, қуанып жатыр. Бұған біз де ризамыз”.

«Ұрпақтар сабақтастығы: ардагерлер тәжірибесінен – қызметтің болашағына» атты форум аясында сала ардагерлері марапатқа да ие болды. Мадақ алған азаматтардың ақыл айтатын жөні бар. Олар от пен судан өтті. Талай адамға жәрдем бердім, талай өмірді сақтап қалды.

СЕРІК НАУРЫЗБАЕВ, төтенше жағдайлар саласының ардагері:
– “Мен төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы лауазымында зейнетке шықтым. Жұмыс өтілім 27 жыл 3 айды құрады. Мына бөлімге алғаш рет келіп тұрмын. Кеудемді қуаныш кернеп тұр. Мамандарға тиісті жағдай жасалыпты. Жастарға айтар ақылым – адамдарға шын ниетпен көмектесу бірінші кезекті тұру керек. Сонда сенің бойында рух та пайда болады. Төтенше жағдай – қиын сала. Мұнда еңсе түсіретіндер шыдамайды, батырлардың ортасы десем, артық айтқаным емес”.

Форумға 70-ке жуық ардагер шақырылған. Шара барысында уақыт капсуласын салу рәсімі де ұйымдастырылды. Келер ұрпақ аға буын өкілдерінің тілегін 25 жылдан кейін ашып, оқи алады.

Сандугаш Кайырбек