Петропавлда облыстық тілдерді оқыту орталығының 10 жылдығы аталып өтті. Орталық мамандары 10 жыл көлемінде өңір тұрғындарына қазақ және ағылшын тілін үйретіп келеді. Осыған орай С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында салтанатты жиын өтті.
Орталық өздерінің жетістіктерімен мақтана алады. 10 жыл ішінде тілдік лагерь, оқуға арналған қосымшалар, “Қазақша оңай” телебағдарламасы және өзге де жобалар жүзеге асты. Бұлар тіл меңгеруге септігін тигізді.
ЖАРҚЫН ЖҰПАРХАН, облыстық тілдерді оқыту орталығының басшысы:
– “Бүгінгі біздің іс-шарамызға Қазақстанның барлық өңірінен қонақтар келіп жатыр. СҚО-да тілдерді оқытатын жалғыз мемлекеттік мекеме – біз. Бұл 10 жылдықты халыққа есеп берейік деген ниетпен атап өтіп жатырмыз. Не жасадық, не атқардық, алдағы уақытта не жасаймыз? Осы сұрақтарға жауап береміз”.
Салтанатты жиында орталықта ұзақ жылдар бойы еңбек еткен сала ардагерлері мен мекеменің дамуына сүбелі үлес қосқан мамандар марапатталды. Үмітжан Шынтемірова – тілдерді оқыту орталығының ең алғашқы жетекшісі. Ол 10 жыл басшылық етті. Зейнетке шыққанына 3 ай ғана болған. Бүгін ұлағатты ұстаз ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
ҮМІТЖАН ШЫНТЕМІРОВА, облыстық тілдерді оқыту орталығының тұңғыш директоры:
– “Орталық ашылған жылы 5 адам болдық, жаңа ұжыммен жұмысты бастадық. Алдымызда үлкен жауапкершілік тұрды. Мекеменің материалдық-техникалық базасын қалыптастыру, оқыту деңгейін көтеру сияқты міндеттер жүктелді. Бұл орталықтың тыныс-тіршілігі әлі маған жақын”.
Ал Айнагүл Сағындықова орталықта 3 жыл еңбек етеді. Бүгін ол да Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Жалпы еңбек өтілі – 15 жыл, Қозыбаев университетін тәмамдаған. Ағылшын тілін мектеп қабырғасынан сүйіп оқығанын айтады. Бүгінде ұстаз білген-түйгенімен бөлісіп жүр.
АЙНАГҮЛ САҒЫНДЫҚОВА, облыстық тілдерді оқыту орталығының ағылшын тілі мұғалімі:
– “Марапатталғаныма өте қуаныштымын. Мұны еңбегімнің жемісі деп білемін. Маған жүгінетін адамдар шетелге еркін саяхаттау, қонақтармен қиналмай тілдесу үшін оқиды. Олардың нәтижеге жеткенін көріп, мен де шын жүректен қуанамын. Аянбай еңбек етуге даярмыз”.
Тілдерді оқыту оталығында бүгінге дейін 20 мыңнан астам адам білім алған. Қазір мұнда 30-ға жуық оқытушы жұмыс істейді.
Жаннур Бектурганова