Қоғам

Облыс әкімі тұрғындарды жеке қабылдады

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– “Халықтың мұң-мұқтажы тыңдалып, сұрақтарына жауап берілді. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов тұрғындарды жеке қабылдау өткізді. Шара барысында спорт алаңын салу, жер учаскесін рәсімдеу және тұрғын үй саласы бойынша мәселелер көтерілді”.

Аймақ басшысына алғаш болып өз базынасын қала тұрғыны Виктория Кельм қойды. Нәзікжанды бұрын Былғары зауыты кентінде тұрған. 2024 жылғы су тасқыны кезінде баспанасын су басыпты. Арнайы комиссия мамандары үйін тексерген. Апатты деп таныған. Бірақ, азаматша әлі де өтемақы ала алмай жүр. Қазір облыс орталығында пәтер жалдап тұрады.

ВИКТОРИЯ КЕЛЬМ, қала тұрғыны:
– “Үйім дөңес жерде орналасқан. Бірақ, қатты жел мен толқынның әсерінен іргетасы шайылып, орнынан қозғалды. Кірпіштен қаланған қабырғаның бір бөлігі бүлініп қалды. Жауапты мекемелерге жүгіндім. Шынын айтқанда, сылтаулары бітпейді. Тиісті өтемақы төленбейтінін, жаңа баспана берілмейтінін жеткізді. Не істерімді білмеймін”.

Алдағы уақытта мәселе өз шешімін табады. Нәзікжандыға су жаңа пәтер беріледі. Бұл туралы қала әкімі Серік Мұхамедиев айтты.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– “Үй апатты жағдайда деп танылғанымен, су тасқынына қатысты бекітілген қаулыға енгізілмеді. Себебі, тілсіз жау баспананың астын ғана басқан. Құрылыс заңнамасына енгізілген өзгерістер сәйкес, ол үйдің орнына әкімдіктің тұрғын үй қорынан пәтер беру мүмкіндігі бар. Зардап шегушіге тиісті құжаттарды жинауға көмектесеміз. Апатты үйдің шаршы метріне сай жаңа баспана беріледі”.

Қажымұрат Әлжанов – Ауған соғысының ардагері. 2022 жылы қаруластарымен бірлесіп, шаһардағы Д.Карбышев атындағы №40 орта мектептің базасында “Жас батыр” атты әскери-патриоттық клуб ашқан. Орталықта студенттер мен оқушылар әскери машықтарын шыңдайды.

ҚАЖЫМҰРАТ ӘЛЖАНОВ, Ауған соғысының ардагері:
– “Орталыққа облыстың барлық ауданынан балалар келеді. Түрлі семинар мен жарыстар өтеді. Ұл-қыздарға автоматты шашып-жинауды үйретеміз, әскери өмірге шыңдаймыз. Ақыл-кеңес айтамыз. Бізге жаңа футбол алаңы керек. Қазіргісі Кеңес одағы кезінде салынған, сау-тамтығы қалмады. Осы мәселе шешілсе екен деймін”.

Облыс әкімі бұл мәселеден хабардар. Футбол алаңының жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Жуырда құрылыс жұмыстары басталады.

Нурасыл Ахмет