Білім

Гимназияда Жангелді Тәжин атындағы оқу кабинеті ашылды

Мерейлі мерейтойға орай білім ұясында тұңғыш директор, ұлағатты ұстаз, еңбек ардагері Жангелді Тәжиннің құрметіне арнайы оқу кабинеті ашылды. Оның таспасын Сафуан Шаймерденовтің немересі Камила Шаймерденова мен осы мектептің оқушысы, Жангелді Тәжиннің немересі Санжар қиды.

1996 жыл. Қоңыр күздің ортасында Петропавлда ақ түйенің қарны жарылды. Қаламызда қазақ тілінде оқытатын гимназияның есігі айқара ашылып, 200-ге жуық оқушы қабылданды. Тіл тағдыры таразыға түскен қиын кезеңде мектепті ашу да, аяққа тұрғызу да оңайға соққан жоқ. Еңбек ардагері Жангелді Тәжин сол жылдарды былай еске алады.

ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның тұңғыш директоры:
– “Бұған дейін қазақ тілінде білім беретін оқу орны болған жоқ. Сондықтан, ата-аналардың талабы, рухани жұтаңдық, балалардың тіл білмеуі, өзінің ұлттық дүниетанымынан алыстау сынды мәселелер туындады. Оқулықтар болған жоқ, қазақ тіліндегі құрал-жабдық жетпеді. Алғашқы мұғалімдер құрамы көп тер төкті. Аз жылдың ішінде гимназияны жоғары көтеріп, үлкен жетістікке жеттік”.

Алғашқы ұстаздар ұжымының сапында Жангелді Уақпанұлымен иық тіресе еңбек еткен мамандардың бірі – Сабыр Әбілкәрімов. Ол білім ұясында 7 жылға жуық оқу ісінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды.

САБЫР ӘБІЛКӘРІМОВ, С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның тұңғыш оқу ісінің меңгерушісі:
– “Мен мектептің алғашқы оқу ісінің меңгерушісі болдым. Мына балаларды, ұстаздардың бәрін кезінде өзім қабылдадым. Біздің оқушыларымыз қазір еліміздің түпкір-түпкірінде жұмыс істеп жүр”.

Жангелді Тәжин атындағы оқу кабинеті – Мағжан сенген ұл-қыздарға қуат беретін орын. Мұнда балалар өткенге бойлай алады, білім алады. Білім ұясының қазіргі директоры Бақыт Алдабергенова құрметті қонақтарға алғыс білдіріп, құттықтау сөзін айтты.

БАҚЫТ АЛДАБЕРГЕНЕВА, С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның директоры:
–  “Шын жүректен қуаныштымын. Қаншама ардагер ұстаздарымыз, бұрын қызмет еткен ұстаздарымыз келіп қауышып жатырмыз. Біздің негізгі мақсатымыз – осы азаматтардың ізін, еңбектерін келер ұрпаққа насихаттау”.

Бүгінде білім ұясында 500-ден астам оқушы білім алып жатыр. Оларға 70 тәжірибелі мұғалім тәлім береді.

Жаннур Бектурганова