Спорт

Бескөлде ардагерлер арасында спартакиада өтті

Жас ұлғайса да жігері мұқалмаған ардагерлер спорт алаңында бас қосты. Қызылжар ауданында зейнеткерлер арасында спартакиада өтті. Жарысқа 100-ден астам аға буын өкілі қатысып, 5 спорт түрі бойынша бақ сынады. Басты мақсат – салауатты өмір салтын насихаттап, қариялардың белсенді өмір сүруіне ықпал ету.

ӘБІЛХАН БИЖАНОВ, Қызылжар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– “Үстел теннисі, шахмат, шашки, тоғызқұмалақ, дартс бойынша сайыстар өтуде. Қатысушыларымыз әр округтен келіп отыр. Жарыс қорытындысы бойынша 1, 2, 3-ші орын алғандарға арнайы сыйлықтар табыстаймыз. Сонымен қатар, командалық сайыстардың жеңімпаздарына арналған кубоктарымыз да бар”.

Спорт алаңында қызу бәсеке жүріп жатыр. Барлығы жарысқа тыңғылықты дайындықпен келген. Шахматта да бақ сынап жүрген ардагерлер аз емес. Солардың бірі – Прибрежный округінен келген Зейнеп Таныбаева. Ол ардагерлер арасындағы жарыстарға белсенді қатысып, облыстық деңгейде жүлделі орындарға ие болған.

ЗЕЙНЕП ТАНЫБАЕВА, қатысушы, Қызылжар ауданы:
– “Соңғы жылдары Прибрежный ауылының ардагерлері түрлі спартакиадаларда жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Осындай жарыстардың жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілуі тамаша үрдіс деп ойлаймын. Мен шахматтан бақ сынаймын. Шахматтан “Үміт” спартакиадасының жүлдегерімін. Жыл сайын жарыстарға белсенді қатысып жүремін”.

Қызылжар ауданында 8 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Олардың белсенді өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануына мүмкіндік беретін мұндай спартакиадалар алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылады.

Жансая Дербисова