Қоғам

Жүк көліктерінің ортасында қалған: СҚО-да жол апатынан 3 адам қаза тапты

Тайынша ауданында 3 адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол апаты тіркелді. Оқиға таңғы 8:00 кезінде «Астана – Петропавл» автожолының бойында орналасқан Кременчуг ауылының маңында болды. Ресми мәліметке сүйенсек, 3 жеңіл көлік пен 2 «КамАЗ» соқтығысты. «Audi» маркалы машина жүк көліктерінің ортасында қалған. Ішінде жүргізушіден бөлек 4 адам отырған. Аман қалған екеуі ауруханада жатыр.

ДӘУРЕН ИБРАЕВ, Тайынша ауданы полиция бөлімінің бастығы:
– “Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда. Сараптамалар тағайындадық. Қайғылы жайттың орын алуына тұман әсер еткен. Жүргізушілердің көру мүмкіндіктері шектеліп, арақашықтықты сақтай алмаған. Рөлдегі жандарды жолда барынша абай болуға шақырамыз”.

Апаттан аман қалғандардың жағдайы ауыр

Жантүршігерлік жол апатынан аман қалған 20 жастағы жүргізуші мен 57 жастағы жолаушы арнайы мамандардың көмегімен Тайынша ауданаралық ауруханасына жеткізілген. Екеуінің де жағдай ауыр.

ГҮЛНӘР ҚАЛИЕВА, облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
– “Жүргізушінің бас миы шайқалған. Бір жақ өкпесіне зақым келді. Хирургиялық бөлімде ем қабылдауда. Ал жолаушыға күрделі ота жасалды. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр”.

Ресми ақпарға сүйенсек, «Audi» автокөлігінде болған жолаушылардың барлығы – білім саласының қызметкерлері. Бәрі Жамбыл ауданындағы балабақшада еңбек еткен. Ал жүргізуші қаза тапқан директордың баласы болып шықты.

ӘСЕЛ ОРАЗБАЕВА, облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы:
– “Бұл облыстың білім саласы үшін қаралы хабар. Белгілі болғандай, бұл жолаушылардың жұмыс сапары болмаған. Ауруханада жатқан жандардың тезірек сауығып кетуін тілейміз”.

Қоса кетейік, жол-көлік апатына қатысқан өзге автокөліктер мен жүк көліктерінің жолаушылары аман.

Нурасыл Ахмет