Қоғам

СҚО-да 120 шетелдік дроппер анықталды

Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 120 шетелдік “дроппер” анықталды. Олар – елімізде жеке сәйкестендіру нөмірін алып, өз атына банк картасын рәсімдейді. Ақшалай сыйақы үшін картаны алаяқтарға береді. Заңсыз схемаға қатысқандардың басым бөлігі – Өзбекстан, Қырғызстан және Үндістан азаматтары. Өзгенің ақшасын өз банк картасы арқылы өткізетін адамдар заң алдында жауап беріп, келтірілген шығынды өз қалтасынан өтейді. Мұндай киберқылмыстың алдын алу мақсатында полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әлібек Құжахметов банк өкілдерімен, “Қазақтелеком” және “Қазпошта” мамандарымен жиын өткізді. Басқосуда кибералаяқтыққа қарсы жаңа шаралар талқыланды. Енді ақпаратпен жедел алмасу үшін арнайы WhatsApp тобы құрылмақ. Егер банк қызметкері күмәнді жағдай байқаса, дереу полицейлерге хабар береді. Сонымен қатар, банктер шетел азаматтарына карта ашу талаптарын күшейтпек.

Жаннур Бектурганова