Жаңа Конституцияның күшіне енгеніне үш айдан астам уақыт өтті. Ата Заңдағы өзгерістер ел басқару жүйесін жетілдіріп қана қоймай, қоғамның мемлекет ісіне араласуына да жаңа мүмкіндіктер ашты. Соның бірі – Қазақстан Халық кеңесінің құрылуы. Оның негізгі міндеттерінің қатарында қоғамдық келісімді нығайту, азаматтардың мүддесін қорғау және халық пен билік арасындағы байланысты күшейту бар. Жаңа Конституцияның маңызы мен алғашқы нәтижелері туралы Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова айтып берді.
СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, СҚ мемлекеттік архивінің директоры:
– “Халық кеңесіне Президенттің ұйғарымымен қол қойып, 126 адам мүше ретінде сайланды. Қазір ол өз жұмысын бастап кетті. Кеңес аясында түрлі бағыттағы жұмыстар қолға алынып, жастардың белсенділігін арттыруға және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға басымдық берілуде. Сонымен қатар, өңірімізде “Таза Қазақстан” бағдарламасы аясында да ауқымды шаралар ұйымдастырылып жатыр. Жақын арада мәдениет саласының ардагерлері мен қоғам өкілдерінің қатысуымен ағаш отырғызу акциялары өткізіліп, жаңа көшеттер отырғызу жұмыстары жалғасын тапты”.
Улан Ыдырыс