Қоғам

Петропавлда спорт саласы қызметкерлерінің облыстық спартакиадасы өтті

Петропавлдағы “Қарасай” стадионында Республика күніне арналған спорт саласы қызметкерлерінің спартакиадасы өтті. Биыл 4-ші рет ұйымдастырылған жарысқа облыстың аудандары мен қаладағы спорт мекемелерінен 300-ге жуық адам қатысты. Қатысушылар бірнеше спорт түрінен сынға түсті.

ӨМІРТАЙ НҰРҒАЛИЕВ, облыстық спорт басқармасы басшысының орынбасары:
– “Бүгінгі жарыстың басты мақсаты – командалық жұмысты дамыту. Биыл бұл жарыс 4-ші рет ұйымдастырылып отыр. Жыл соңына дейін тағы бір спартакиада өткізу жоспарланған. Бұл жарыста шағын футбол, асық ату және эстафеталық сайыстар өтеді”.

Биылғы спартакиаданың ерекшелігі – жарысқа спорт саласының ардагерлері де қатысып жатыр. Олар жас мамандармен бірге бақ сынап, командаларының намысын қорғайды.

ИРИНА ПЮРКО, «Барс» БЖСМ директоры:
– “Бұл спартакиадаға ардагерлеріміз де қатысып жатыр. Бұл бізді жақындастырып, бірлігімізді нығайтады. Біз осындай жарысқа 4-ші рет қатысып отырмыз. Командамыздың спорттық мүмкіндігін көрсетіп, жақсы нәтиже көрсетуге үміттіміз”.

Қатысушылар арасында өткен жарыстарда топ жарған командалар да бар. Қызылжар спорт орталығының өкілдері осы жолы да жеңіс тұғырынан көрінуге ниетті. Команда мүшелері жарысқа тыңғылықты дайындалған.

ӘДІЛЕТ ҚАУЫМБАЕВ, СҚО бойынша үстел теннисінен аға жаттықтырушы:
– “Бұған дейінгі спартакиадаларда командамыз 2 рет чемпион атанды. Бұл жолы да жеңіске жетеміз деген үмітіміз бар. Біз үнемі жаттығып, түрлі жарыстарға қатысып, спорттық формамызды сақтауға тырысамыз. Алдағы болатын жарыстарға да дайындалып жүрміз”.

Жарыстың қорытындысы ертең шығарылады. Жеңімпаздар медальдармен және дипломдармен марапатталады. Айта кету керек, қазір Солтүстік Қазақстан облысында 28 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Онда 5 пен 23 жас аралығындағы 14 мыңға жуық адам тегін спортпен шұғылданады.

Жансая Дербисова