Петропавлда өнерге деген сүйіспеншілік пен шығармашылықты тоғыстырған «Шексіз өнер» облыстық фестивалі өтті. Биыл 9-шы рет ұйымдастырылған шараға Солтүстік Қазақстан облысының түкпір-түкпірінен 219 өтінім түскен. Бұл – фестиваль тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Қатысушылар 6 бағыт бойынша өз өнерлерін ортаға салды. Бірі ән айтып, енді бірі музыкалық аспапта ойнаса, өзгелері қолөнер бұйымдары мен көркем туындыларын ұсынды.
АҚЖАН КӘРІМ, «АРДОС-Жүрек» мүгедектігі бар адамдар бірлестігінің директоры:
– “Фестиваль аясында қатысушылардың көркемөнер туындылары қойылған көрме ұйымдастырылды. Көрмеге 100-ден астам жұмыс қойылды. Қазылар алқасына жеңімпаздарды анықтау оңай болған жоқ. Өйткені, әр қатысушы өз шығармашылығына жанын салады. Біз әр адамның өнерін көрсетуіне мүмкіндік беретін түрлі бағыттарды қамтуға тырысамыз.Фестиваль жыл сайын кеңейіп келеді. Бұл осындай шаралардың қажет әрі сұранысқа ие екенін көрсетеді”.
Фестивальде жас ерекшелігіне шектеу жоқ. Биылғы ең жас қатысушы 4 жаста болса, ең үлкені – 75-те. Мұнда әр адамның таланты мен еңбегіне мән беріледі. Бірі алғаш рет көпшілік алдына шықса, енді бірі бұрынғы жетістігін қайталап, жаңа белестерге ұмтылады. 8 жастағы Дмитрий бұл фестивальге алғаш рет қатысып, «Көркемөнер» номинациясында жүлделі орын иеленді.
ОЛЬГА ТАШЛЫК, ата-ана:
– “Біз бұл фестивальге алғаш рет қатысып отырмыз. Балам «Көркемөнер» номинациясы бойынша 1-ші орын алды. Сахнаға да алғаш рет шықты. Ол үшін бұл ерекше әсерге толы күн болды. Балама фестиваль ұнады, сурет салуға деген қызығушылығы артты. Алдағы уақытта да осындай фестивальдерге қатысып, өнерін дамыта берсек дейміз”.
Ал Преснов ауылынан келген Ева үшін музыка – бала кезінен серік болған өнер. 6 жасынан фортепианода ойнаған ол қазір домбыра үйреніп жүр. Жамбыл ауданының жас өнерпазы фестивальге аспаптық өнер номинациясы бойынша қатысқан.
ЕВА САВИНА, қатысушы, Жамбыл ауданы:
– “Мен домбыра үйірмесіне 2-ші жыл қатысып жүрмін. Музыкадан алыстай алмадым, өйткені аспапта ойнаған маған ерекше ләззат сыйлайды. Сабақтан кейін домбыра алып, күй тартқанда жаным рахаттанады. Фестиваль туралы ұстазым айтып, дайындықты бірден бастадық”.
Еваның домбыраға деген қызығушылығын ұстазы да атап өтті. Олар фестивальге тыңғылықты дайындалып, сахнада өнер көрсетті. Ұстазы Еваның бойындағы өнерге деген ерекше ынтасын атап өтті.
КҮЛБАРА АСАНБАЕВА, “Өнер” мектебі домбыра үйірмесінің мұғалімі, Жамбыл ауданы:
– “Ева өткен жылы да осы фестивальге қатысып, 1-ші орын алған болатын. Биыл да байқауға жақсы дайындалдық. Оның домбыраға деген қызығушылығы жоғары. Ева менің ансамблімде де өнер көрсетеді. Алдағы уақытта ансамбльмен бірге республикалық байқауға баруды жоспарлап отырмыз”.
Фестиваль соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, барлық қатысушыға диплом мен естелік сыйлық табысталды. Мұндай фестиваль – әр адамның бойындағы қабілетті ашып, шығармашылыққа қанат бітіретін ерекше алаң. Мұнда әр туынды мен әр өнер көрсетілімінің артында үлкен еңбек, ізденіс пен құлшыныс жатыр.
Жансая Дербисова