Спорт

Петропавлда кикбоксингтен облыс чемпионаты бастау алды

Петропавлда кикбоксингтен Солтүстік Қазақстан облысының чемпионаты бастау алды. Жарысқа 50-ден астам жас спортшы қатысады. Сайыс екі жас санаты бойынша, атап айтқанда, кіші жасөспірімдер мен кадеттер арасында өтеді. Негізгі мақсат – үздіктерді анықтап, алдағы республикалық жарыстарға облыс құрамасын жасақтау.

ӘДІЛ НҰРЖАУЫПОВ, кикбоксингтен облыстың аға жаттықтырушысы:
– “Жарысқа Петропавл қаласынан бөлек, бірнеше ауданның өкілдері де келді. Биыл қатысушылар қатарында ашихара-карате федерациясының спортшылары да бар. Кадеттер 12 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды, ал кіші жасөспірімдер салмақ санаттары 15-ке жуықтайды. Сайыс қорытындысы бойынша үздіктерді таңдап, облыс құрамасын жасақтайтын боламыз. Олар өңір намысын республикалық додаларда қорғайды”.

Чемпионат басталды. Кикбоксшылар басы мен аяғына қорғаныш құралдарын тағып, қолдарына қолғаптарын киіп шаршы алаңға шықты. Жас спортшылардың жасы кіші болғанымен, жеңіске деген жігерлері жоғары. Олар жойқын соққыларымен қарсыластарын есеңгіретіп, ептілік пен жылдамдықтарын көрсетті. Әр жекпе-жек тартысқа толы өтіп, жас кикбоксшылар жеңіс үшін бар күштерін салды.

Екінші кездесуде Ғ.Мүсірепов ауданының спортшысы және Ашихара-карате федерациясының өкілі сынға түсті. Кездесу 1-ші раундта-ақ аяқталды. Жасыл шалбардағы кикбоксшы техникалық нокаутпен жеңіске жетті.

ДИДАР ИСЛЯМОВ, кикбоксшы, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– “Өзім кикбокспен айналысып келе жатқаныма 1 жыл болды. Бұған дейін бокс және кекушинкай каратемен шұғылдандым. Қарсыласым мықты. Басында қиын болды. Бірақ, нокаут пен жеңіске жеттім. Басты мақсатым – алтын алу”.

Айта кетейік, сайыс Камиль Сафин атындағы бокс мектебінде өтеді. Жалпы, чемпионат 3 күнге жоспарланған.

Улан Ыдырыс