Білім

Кітап оқитын ұлт: Петропавлда студенттердің қатысуымен зияткерлік-танымдық ойын өтті

«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында Петропавлда командалық зияткерлік-танымдық ойын ұйымдастырылды. Жастардың таным көкжиегін тексеруге арналған викторинаға Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің және Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжінің 50 студенті қатысты. Олардың бірі әдебиетке құмартса, екіншісі музыка әлеміне жақын.

ӨМІРҰЗАҚ ЕРКЕШ, Е.Серкебаев атындағы өнер колледжінің студенті:
– “«Бір кітап – бір әлем» деп аталатын шара жастар үшін өте пайдалы, өйткені кітапты оқығаннан кейін сенің ой-санаң кеңейе түседі. Жалпы, өз басым жастарға Абай Құнанбайұлының Қара сөздерін оқуға кеңес берер едім. Себебі, ол сөздер қазіргі таңда да өте өзекті болып саналады”.

«Артық білім кітапта, Ерінбей оқып көруге» деп Абай атамыз бекер айтпаған. Командалық зияткерлік-танымдық ойын екі кезеңнен тұрды. Алғашқысында қатысушылар отандық және әлемдік қаламгерлердің шығармашылығына қатысты білімдерін сынады. Мысалы, туындылардың желісі, сипаттамасы бойынша авторларын анықтады. Ал екіншісінде сүйікті еңбектері туралы баяндады. Жастардың белсенділігі көңіл қуантты.

АНАСТАСИЯ ВОЛКОВА, СҚО жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
–  “Қазіргі таңда жастардың басым бөлігі TikTok, Instagram сияқты әлеуметтік желілерді пайдаланады. Бұны мәселе ретінде қарастыру керек. Қандай да бір жайтты көру арқылы ақпаратты жеңіл қабылдауға болады. Ал оқып, түсіну арқылы тереңге бойлаймыз. Яғни, ойлау қабілетін арттыру үшін кітап оқу керек. Сонымен қатар, оқу сөздік қорды байытып, есте сақтау қабілетін дамытады. Телефон емес, ақын-жазушылардың туындыларын таңдаған жөн. Сондықтан жастардың басын қостық”.

Командалық зияткерлік-танымдық ойыннан сыйлықпен қайтқандар болды. Білгірлер бәйгесінде белсенділік танытқандар марапатқа ие болды. «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны – ауқымды жоба. Алдағы уақытта өңірде түрлі шара ұйымдастырылмақ.

Сандугаш Кайырбек