Қоғам

Қалалық мәслихаттың атқарған жұмысы: 41 сессия өтіп, 158 шешім қабылданған

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Осыған орай Петропавл қалалық әкімдігінде жиын өтіп, VIII шақырылымда еңбек еткен халық қалаулыларына құрмет көрсетілді. Басқосуда шаһар басшысы Серік Мұхамедиев депутаттар корпусына қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымын жақсартуға қосқан зор үлесі үшін алғыс білдірді.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– “Құрметті қалалық мәслихаттың VIII шақырылым депутаттары, әріптестер! Бүгін біз сіздерге алғыс айту үшін жиналдық. Қаламыздың дамуына қосқан үлестеріңіз үшін шын жүректен рақмет айтамын. Ел үшін, қала үшін көп еңбек еттіңіздер. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, маңызды істерге атсалыстыңыздар. Сіздерге және отбасыларыңызға амандық, алдағы бастамаларыңызға сәттілік тілеймін!”.

Соңғы үш жыл оңай болған жоқ. Көктемгі су тасқынының салдарын жою, баспана салу, жол жөндеу, коммуналдық желілерді жаңарту, қаланы көркейту сияқты ауқымды жұмыс жүргізілді. Көптеген мәселені шешуге белсене атсалысқан халық қалаулыларына арнайы марапаттар табыс етілді.

Қаладағы 18 сайлау округі бойынша халықтың арыз-шағымдары мен ұсыныстарын әкімдікке жеткізген қалалық депутаттардың еңбегі жемісті болды. Соның арқасында тұрғындар көтерген өзекті сұрақтардың барлығы дерлік оң шешімін тапты.

АРМАН БЕРДАҒҰЛОВ, қалалық мәслихаттың бұрынғы төрағасы:
– “VIII шақырылымның Петропавл халық мәслихатының депутаттары өз жұмыстарын тәмамдады. Серік Мақсұтұлы, сізге және сіздің ұжымыңызға шын жүректен алғысымызды айтамыз. Осы уақыт ішінде қаланың 18 депутаты өз сайлау округтеріндегі сайлаушылардың мұрат-мұқтаждарын әкімдік алдында қойған болатын. Көптеген мәселелер, 90%-ға жақын сұрақтар өз шешімін тапты. Ол қалалық депутаттардың жұмысының өте жоғары нәтижесі деп ойлаймын”.

VIII шақырылым жұмысы кезеңінде қалалық мәслихаттың 41 сессиясы өтіп, 158 шешім қабылданған. Оның 18-і – нормативтік-құқықтық акт. Алғашында корпуста 18 депутат болды. Жақында өткен Құрылтай депутаттарының сайлауында Елена Семидоцких Ұлттық Құрылтай құрамына сайланып, соңғы уақытқа дейін 17 халық қалаулысы абыроймен еңбек етті.

Жаннур Бектурганова