Қоғам

БАҚ өкілдері Петропавл екінші жылу электр орталығын аралады

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– “Қала тұрғындарын жылумен қамтамасыз етіп отырған Петропавл 2-ЖЭО биыл 4 млрд теңгенің инвестициялық жобасы жүзеге асқан. Оның аясында қазандық және турбоагрегат күрделі жөндеу көріп, бірнеше бойлер жаңасына ауыстырылды. Бұл шаралар жылыту маусымының ойдағыдай өтуіне мүмкіндік береді”.

Атқарылған жұмыстармен облыстағы БАҚ өкілдері танысты. Қазіргі таңда нысандағы №2 қазандық агрегаты қайта жаңғыртылуда. Жоба құны – 28 млрд теңге. Жұмыс 2023 жылы басталған. 3 жылдың ішінде қазандық ошағының қанқасы, қызмет көрсету алаңдары мен бірнеше экран монтаждалыпты. Бұл жұмыстарға 5,5 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған. Қалған ақша алдағы 2 жылда игеріледі.

АНАТОЛИЙ КАЗАНОВСКИЙ, “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ бас директоры:
– Жоба толығымен жүзеге асырылғаннан кейін кәсіпорында сағатына 20 тоннаға дейін бу өндіріледі. Қазіргі уақытта станция жабдықтарының техникалық жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр. Тозу деңгейі 58 пайызды құрайды. Алдағы уақытта бұл көрсеткешті азайту жоспарланып отыр”.

Бұдан бөлек, орталықтағы №3 түтін мұржасы қайта жаңғыртылуда. Оның аясында нысанның ішкі қаптамасы ауыстырылып, сыртқы бетон бөлігі қалыпқа келтіріледі. Баспалдақтар да жаңасына ауыстырылады. Маңызды іске 1 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған. Жұмыс 2027 жылы аяқталмақ.

АНАТОЛИЙ КАЗАНОВСКИЙ, “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ бас директоры:
– “№3 түтін мұржасының жағдайы қанағаттанарлық. Қайта жаңғырту жұмыстары оның қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған. Маңызды іс аяқталғаннан кейін қайта техникалық тексеру жүргізіледі. Алдын ала болжам бойынша, нысан алдағы 20-30 жыл бойы жұмыс істеуге қауқарлы”.

Қазіргі таңда Петропавл 2-ЖЭО-да 750-ден астам адам жұмыс істейді. Кадр тапшылығының бары да жасырын емес. Оны жою мақсатында биыл кәсіпорын басшылығы қызметкерлердің жалақысын 20 пайызға өсірген.

Нурасыл Ахмет