Мұғалім болуды енді мектеп қабырғасынан бастап үйренуге болады. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде педагогикалық сынып ашылды. Жоба жоғары сынып оқушыларына ұстаздық мамандықтың қыр-сырын таныстырып, болашақ кәсібін саналы түрде таңдауға ықпал етеді.
ЖҰЛДЫЗ МАҚАЖАНОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ PhD докторы :
– “Петропавл қаласының қазақ және орыс мектептерінде оқитын 10-11-сынып оқушылары үшін үлкен мүмкіндік. Себебі, олар педагогикалық мамандыққа түспей тұрып өздерін осы салада сынап көре алады. Оқушы “Мен болашақта педагогика саласына дайынмын ба? Осы бағытта дамып, кәсіби тұрғыда өсе аламын ба?” деген сұрақтарға жауап табады”.
Қазір университет базасында 70-тен астам оқушы білім алады. Олар педагогика, психология, шешендік өнер мен көшбасшылық негіздерін меңгереді. Сабақтар онлайн және офлайн форматта өтеді. Оқушыларға университетке экскурсия жасауға, ашық есік күндері мен профессорлардың дәрістеріне қатысуға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар, жоба аясында 11-сынып оқушылары арасында “Педагогикалық триумф” байқауы жарияланды. Қатысушылардың академиялық үлгерімі, жетістіктері мен қоғамдық өмірдегі белсенділігі бағаланады. Байқау жеңімпаздары академик М. Қозыбаев атындағы атаулы грант сертификатын алады.
Болашақ ұстаздардың қатарында №43 орта мектептің оқушысы Марина Юрченко да бар. Ол бала кезінен орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуды армандайды. Жеткіншек педагогикалық сыныпта білімін шыңдап, таңдаған мамандығына ертерек дайындалуға ниетті.
МАРИНА ЮРЧЕНКО, қалалық Ғ.Мүсірепов атындағы №43 орта мектептің оқушысы:
– “Мен орыс тілі мен әдебиеті пәнінен мұғалім болғым келеді. Себебі, балалармен жұмыс істегенді жаным сүйеді. Бұл мамандық зор жауапкершілікті талап етеді. Мұндай педагогикалық сыныптың ашылуы болашақта білікті, кәсіби мамандар шығаруға зор ықпалын тигізетініне сенімдімін”.
Айта кетейік, өңірімізде Ғ.Мүсірепов және Шал ақын аудандарында үш педагогикалық сынып жұмыс істейді. Биыл мұндай сыныптар Мамлют және Қызылжар аудандарында да ашылады. Басты мақсат – ұстаздыққа қызығатын жастарды ерте анықтап, өңірдегі білім беру саласына қажет білікті мамандар даярлау.
Аружан Султанова