Қырағы полиция қызметкері болмаса, еңбек адамының еңбекпен жиған 3 млн теңгесі желге ұшар еді. Ұшып барып алаяқтың апандай қалтасына барып қонар еді. Арнайы жедел әрекет ету жасағының инспекторы Еркебұлан Құрбаниязов Петропавлдағы сауда үйлерінің бірінде банкоматтың жанында құлағына телефон тосқан ер адамның абыржып тұрғанын байқайды.
ЕРКЕБҰЛАН ҚҰРБАНИЯЗОВ – СҚО ПД жедел әрекет ету жасағының инспекторы:
– Бір адам қолына жасыл пакет ұстап келді. Оның ішінен ақшасы көрініп тұрды. Телефонмен сөйлесіп тұрғанын байқадым. Бірден біреудің оған не істеу керектігін айтып, нұсқау беріп жатқаны түсінікті болды.
Еркебұлан Құрбаниязов қызметтік куәлігін көрсетіп, ер адамға телефонның ар жағында алаяқтар болуы мүмкін екенін ескертеді. Алайда, слесарь болып жұмыс істейтін қала тұрғыны полицейдің сөзіне сенбеген. Табандылық танытқан тәртіп сақшысы дәлелді сөзбен ақыры азаматты өкінерлік іс жасамауға көндірген.
ЕРКЕБҰЛАН ҚҰРБАНИЯЗОВ – СҚО ПД жедел әрекет ету жасағының инспекторы:
– Оның көзінен қатты қобалжып тұрғаны байқалды. Мен алаяқтардың қазір оның ақшасын иемдену үшін түрлі амалға баратынын түсіндіре бастадым. Олардың сөзіне сенбеу қажеттігін айттым. Содан кейін ол байланысты үзді.
49 жастағы аңғал азамат алаяқтың арбауына қалай түскенін баяндап береді. Схема белгілі. Бұл туралы талай рет айтылды. Қулар цифрлық қолтаңбаңыздың қолданылу мерзімі таусылды, ұзарту үшін 1-ді басыңыз деген. Кейін тағы біреуі телефон соғып, атыңызға сырттан несие рәсімделіп жатыр деп қорқытқан. Бойын үрей билеген ер адам әккі алаяқтың айтқанына еріп жүре берген.
Жалпы, өңірдегі алаяқтыққа қатысты статистика жаға ұстатады. Жыл басынан бері 400-ден астам факті тіркелген. Салдарынан солтүстікқазақстандықтар 1 млрд теңгесінен айырылыпты. Амал жоқ, полиция қызметкерлеріне банкоматтардың қасында кезекшілік атқаруларына тура келіп отыр. Соңғы екі аптада мамандар осындай әдіспен 4 қулық әрекетінің бетін қайтарды.
Данаш Хамза