Қоғам

СҚО-да жөнделген жолдар талапқа сай болмай шықты

Қыруар қаржыға атқарылған маңызды істен кемшіліктер анықталды. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» облыстық филалы қаңтардың 1-і мен қазанның 8-і аралығындағы жұмысты қорытындылады. Осы кезеңде ұйымның мамандары 291 тексеріс жүргізген. Оның барысында төселген асфальттан 1480 сынама алынды. Жекелей тоқталсақ, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында алынған 1146 керннің 264-і нормативтік талаптарға сәйкес келмеді. Оның 82-сі бойынша қайта қалыпқа келтіру жүргізілді. Ал облыстық деңгейдегі жолдарда ойылған 152 сынаманың 60-ы талапқа сай келмей шықты. Бүгінгі таңда 3 сынама негізінде бұзушылықтар жойылды.

– “Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарында және көше-жол желісінде алынған 182 сынаманың 77-сі нормативтік талаптарға сәйкес келмеді. Бір сынама бойынша анықталған сәйкессіздік жойылды. Сонымен қатар 45 ақау анықталды. Есепті кезеңдегі жағдай бойынша мердігер ұйымдар оларды жоюға әлі кіріспеген. Негізгі сәйкессіздіктер материалдардың суға қанығу көрсеткіштері мен асфальтбетон жабынынан алынған керндердің тығыздалу көрсеткіштеріне қатысты болды”.

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК СҚО филиалы

Байболат Култанов