Қазір Есіл ауданындағы Покровка ауылы маңында орналасқан көпір уақытша жабық тұр. Күн сайын жүздеген көлік өтетін нысан қайта қалыпқа келтірілуде. Айта кету керек, бұл – күрделі жөндеу жүргізілгенге дейінгі маңызды жұмыс. Яғни, мамандар нысан қалыпты деңгейде тұру үшін беріктігін арттырып жатыр.
АРМАН ОСПАНОВ, «ҚАЖсервис» ЖШС СҚОФ жол пайдалану учаскесінің басшысы:
– “Жүк көлігінің көптігіне байланысты көпірде бұзылу жайты тіркелді. Қазіргі уақытта филиал өкілдері мердігермен бірлесіп, зақымдалған учаскелерді уақытша қалпына келтіруде. Құрылымды арматуралау, қалыптарды орнату және бетондау сынды жұмыстар қарастырылған. Сапаға баса назар аударылады. Қолға алынған шаруа күрделі жөндеу жүргізілгенге дейін көпірдің беріктігін қамтамасыз етеді деген сенімдеміз”.
Іске жауапты мамандар тұрғындар мен жүргізушілерден қозғалысты уақытша шектеуге түсіністікпен қарауды сұрайды. Көпірдегі жөндеу жұмыстарын қазанның 19-шы жұлдызына дейін аяқтау жоспарланған.
Байболат Култанов