Қоғам

Петропавл гидроторабында “КамАЗ” аударылып, жүргізуші жарақат алды

Петропавл гидроторабында “КамАЗ” аударылып, жүргізуші жарақат алды. Ұсынылған ақпарға сүйенсек, рөл тізгіндеген жан рөлге ие бола алмай қалып, қоршауға соғылған. Кейін жол шетіне түсіп кеткен.

Жайсыз жайт таңғы сағат 10:00 кезінде болды. Айта кету керек, жүргізуші бірден ауруханаға жеткізілді. Медициналық мекеме берген мәлімет бойынша, оның мойын буындары созылған. Науқас амбулаториялық ем қабылдауда.

БАҚТИЯР ДОЩАНОВ, қалалық ПБ ППБ взвод командирі:
– “Жүргізуші медициналық мекемеге жеткізілді. Аталған факті бойынша тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Қазір тиісті материалдар жинап жатырмыз”.

Соққыдан кейін гидротораптың сыртқы қоршауына зақым келген. Ондағы мамандар орын алған оқиға нысанның негізгі құрылымы мен жұмысына кері әсерін тигізбегенін жеткізді.

АСХАТ БАҚЫШЕВ, “Қазсушар” РМК СҚОФ бөлім бастығы:
– “Нысан штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Оның құрылымына ешқандай зақым келген жоқ”.

Қазір оқиға орнында тәртіп сақшылары мен құтқарушылар жұмыс істеп жатыр.

 

 

 

Жаннур Бектурганова