Петропавлда азаматтарды бірыңғай қабылдау күні өтті. “Әділет” партиясы мен облыс прокуратурасы бірлесіп ұйымдастырған шара “Құқықтық көмек” жобасы аясында жүзеге асты. “Әділет керуені – Құқықтық көмек – Заң алаңы” деген атаумен ұйымдастырылған қабылдауға түрлі мемлекеттік орган мен ұйым өкілдері қатысты.
АЛЕКСАНДР ЗЕЛЬ, “Әділет” партиясы қалалық филиалының төрағасы:
– “Бүгін қабылдауға 15-ке жуық адам жазылды. Жер, тұрғын үй және бизнес-жоспарға қатысты жазылған өтініштер бар. Біздің мақсатымыз – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырып, әлеуметтік және өзге де мәселелерін шешуге көмек көрсету. Егер сұрақ бірден шешілмесе, оны әрі қарай пысықтап, өтініш иесіне толық жауап берілуіне ықпал етеміз”.
Кездесуге келгендердің бірі – Светлана Кузнецова. Нәзікжанды 20 жылдан астам уақыт бойы барақ үйде тұрған. Тозығы жеткен баспана сүріледі. Қала тұрғыны жаңа үйге көшу үшін қандай құжаттар қажет екенін білу үшін келіп отыр.
СВЕТЛАНА КУЗНЕЦОВА, қала тұрғыны:
– “Бұған дейін не істерімді, қайда барарымды білмедім. Бүгін қабылдау күні өтеді дегеннен кейін осы жерге келдім. Жағдайымды мамандарға айтып бердім, олар тисті құжаттарды рәсімдеу керектігін және ТҮКШ бөліміне жүгіну тәртібін айтып берді. Енді мәселені шешу үшін қандай қадам жасау керектігін білемін”.
Мамандарға жалақымен де жүгінген жандар табылды. Құрылыс компаниясында жұмыс істейтін қос нәзікжанды еңбекақыларын ала алмай жүр.
РУСТАМ НӘСІРОВ, СҚО прокуратурасы басқарма басшысының орынбасары:
– “Құрылыс компаниясы екі азаматшаның біреуіне 600 мыңнан астам, ал екіншісіне 300 мың теңгеге жуық көлемде жалақы төлемеген. Анықтай келе арада еңбек шарты жасалмаған болып шықты. Арызданушыларға мемлекеттік еңбек инспекциясына және сотқа жүгіну қажеттігі айтылды”.
Партия филиалының мәліметінше, жыл басынан бері қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 3 мыңнан астам өтініш түскен. Оның жартысына жуығы оң шешімін тапқан. Сонымен қатар, мобильді қоғамдық қабылдау тобы алты ауданды аралап, ауыл тұрғындарынан түскен жүзден астам өтінішті қараған. 20-ға жуығы шешілді, қалғаны облыстық және республикалық деңгейде қаралуы тиіс.
Аружан Султанова