ЖАНСАЯ ДЕРБІСОВА, тілші:
– “Петропавлда Есіл өзеніне балық аулауға келетіндер жыл сайын күзгі-қысқы маусымда қауіпсіздікке ерекше мән беруі керек. Әсіресе, алғашқы мұз қатқан кезде су айдынына шығу қауіпті. Сондықтан балықшылар сақтық шараларын естен шығармағаны жөн”.
Солтүстік Қазақстан облысында 60-қа жуық өзен мен 2 мыңнан астам көл бар. Күздің суық күндері басталғанымен, су айдындарындағы мұз біркелкі қатпайды. Соның салдарынан сырт көзге берік көрінген мұздың өзі адам салмағын көтере алмауы мүмкін. Әсіресе, өзен ағысы бар және қамыс өскен тұстарда қауіп жоғары.
АБЫЛАЙХАН ЖАҚСЫЛЫҚ, СҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының аға инженері:
– “Мұз қату кезеңінде әуесқой балықшылардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет. Кейбір азаматтар мұз әлі толық қатпай жатып, балық аулауға шығып жатады. Алайда, жұқа мұздың үстінде аз уақыт болудың өзі қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Сондықтан балықшыларға мұз толық қатпайынша су айдындарына шықпауға, балық аулау кезінде алкогольдік ішімдіктерді пайдаланбауға кеңес береміз. Сондай-ақ, жақындарына қай жерде жүргенін алдын ала хабарлап, өзімен бірге байланыс құралдарын алып жүруі қажет”.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері су айдындарына қатысты 3 мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізілген. Мұз қату кезеңінде де түсіндіру жұмыстары жалғасады. Құтқарушылар тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын сақтап, өз өміріне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Жансая Дербисова