Петропавлда “Заң және тәртіп” тұжырымдамасы аясында “Құқық векторы” атты іс-шара өтті. Мақсат – пробация есебінде тұрған азаматтарға құқықтық және әлеуметтік көмек көрсету, жұмысқа орналасуына жәрдемдесу және қоғамға бейімделуіне қолдау білдіру.
НҰРЖІГІТ ЖҰМАН, Петропавл қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры:
– “Егер статистиканы қарайтын болсақ, адамдар ҚК 187-188-бабы “Ұрлық” және ҚК 190-бабы “Алаяқтық” бойынша сотталады. Мұндай іс-шаралар қылмыстың қайталануын азайтуға ықпал етеді. Біз азаматтарды жұмыспен қамтып, әлеуметтік қолдау көрсету арқылы олардың қоғамға бейімделуіне көмектесеміз. Адамның тұрақты жұмысы болып, отбасылық мәселелері шешімін тапса, оның қайта құқық бұзушылық жасау қаупі де төмендейді. Сондықтан мұндай шаралардың маңызы зор”.
Іс-шараға 14 мемлекеттік органның өкілдері мен 16 жұмыс беруші қатысты. Ұйымдардың қызметкерлері есепте тұрған жандарға медициналық көмек алу, құжаттарды рәсімдеу және өзге де әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес берді. Ал кәсіпорындардың мамандары жұмысқа шақырды. Жалпы, шара арқылы арнайы тізімдегі 300-ге жуық адам қамтылды.
РАМАЗАН,
– “Қылмыстық кодекстің 293-бабы “Бұзақылық” бойынша сотталғанмын. Жазамды шартты түрде өтеп жатырмын. Бұндай кездесулер көмегін тигізеді. Жұмысқа тұру және баспана мәселесін шешуге көмектеседі. Адамдарға айтарым, теріс іс-әрекеттер жасамай, білім алу керек”.
Заңның ала жібін аттағандардың арасында шеберлер, кәсіпке икемі барлар да жетерлік. Мұндай тұлғаларға облыстық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің айтары бар.
ИРИНА ТОРОПОВА, облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:
– “Біз бастаушы кәсіпкерлерге де, өз ісін әлеуетті түрде ашқысы келетіндерге де қаржылай емес қолдау көрсетеміз. Бізде арнайы бөлім жұмыс істейді. Ол жерде бизнес-жоспар құруға көмектесеміз, өз ісіңді қалай ашу керектігін айтамыз, гранттық қаржыландыру мәселелерін нақтылаймыз. Яғни, кез келген адам келе алады”.
Іс-шара қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға азаматтардан 50-ден астам жазбаша өтініш түсті. Бұдан бөлек, 60-қа жуық адамның мәселесі сол жерде қаралды.
Аружан Султанова