Солтүстік Қазақстан облысында жедел респираторлық-вирустық инфекция өршіді. Аурудың күшеюіне байланысты мектепке дейінді білім беру ұйымдарында бала саны азайған. Мысалы, бүгін “Береке” балабақшасына 10-нан астам ұл-қыз келмепті. Ал мұндағы мамандар жағдайдың одан әрі ушығып кетпеуі үшін тиісті жұмыстарды тұрақты негізде жүргізуде.
ШЫНАР ЖАҚЫБАЕВА, “Береке” балабақшасының педагогі:
– “Күнделікті желдетеміз. Топтың ішін ылғалдандырамыз”.
Вирусты таратпау жолдары балаларға күнде айтылып отырады. Олар балабақшада медициналық қызметкердің және тәрбиешілердің ақыл-кеңесімен ұдайы қолдарын жуады, өзге де алдын алу шарасын естен шығармайды.
САНЖАР БЕКТҰРҒАН,
– “Витамин жейміз. Жөтелгенде, түшкіргенде аузымызды, мұрнымызды жабамыз”.
Инфекцияның өршуі – маусымдық құбылыс. Күз бен көктемде вирустық аурулар тарайтыны белгілі. Осы орайда сандарды сөйлетсек. Биыл өңірімізде науқастанған адамдардың саны былтырғыдан 313-ке басым. Бұны тілшілер алдына шыққан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы мәлім етті.
ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
– “2026 жылғы 1 қазаннан бастап 2026-2027 жылдардағы жаңа эпидемиялық маусым басталды. Эпидемиялық маусым басталғаннан бері ЖРВИ ауруының 3356 жағдайы тіркелді, ал өткен жылмен салыстырғанда 10,2%-ға өсім байқалады. Сонымен қатар, ағымдағы эпидемиялық маусымда тұмау жағдайлары әзірге тіркелген жоқ”.
Брифинг барысында Әсет Жұматаев алдын алудың ең тиімді әдістерінің бірі – вакцинация жұмысына тоқталды. Екпе аурудың асқынуынан, ауруханаға жатқызудан қорғайды. Қазір аймақта иммундау науқаны жүріп жатыр. Тәуекел тобына жататын адамдар үшін биыл ресейлік өндірістегі «Гриппол плюс» вакцинасының 60 мың дозасы сатып алыныпты.
ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
– “Тәуекел тобына медициналық қызметкерлер, медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балалар, балалар үйлері мен бөбектер үйлерінің тәрбиеленушілері, қарттар үйлерінің контингенті, эпидемиологиялық көрсетілімдері бар адамдар жатады. Вакцинация тегін негізде тіркелген жері бойынша емханада жүргізіледі”.
Осы орайда эпидемиологиялық көрсетілімдері бар тобына жататын жүкті әйелдерге жеке тоқталсақ. Дәрігерлер болашақ аналарды күмәнданбай екпе алуға шақырады. Бұл – ауруға қарсы қалқан. Нәзікжандыға да, құрсақтағы балаға да пайдасы бар.
БЕГАЙЫМ МЕЙМАНОВА, №2 қалалық емхана директорының орынбасары:
– “Екпеден қорқудың еш қажеті жоқ. Жүктіліктің 20-шы аптасынан кейін құрсақтағы баланың барлық органы қалыптасады. Сәбиге вакцина қауіп төндірмейді. Керісінше ананың бойында ауруға қарсы тұрарлық иммунитет болады. Бұл перзенттің аман-есен өмірге келуіне, әйел адамның ауырып қалмауына әсер етеді. Сондықтан жүкті қыз-келіншектерді емханаға шақырамыз”.
Бүгінгі таңда аймақта тәуекел тобына жататын 6675 адам екпе алыпты. Қазіргі кезеңде «С» дәрумені көп азық-түлікті де көп тұтыну керек. Бұл да инфекцияға тойтарыс беруге ықпал етеді.
Байболат Култанов