Қоғам

Петропавлда «OTAN 2026» кибертурнирінің жеңімпаздары марапатталды

Петропавлда “OTAN 2026” кибертурнирінің жеңімпаздары марапатталды. Әскери-патриоттық тәрбие аясында ұйымдастырылған жарыста қатысушылар Counter-Strike ойыны бойынша бақ сынады. Үш күнге созылған бәсекенің үздігі – Назарбаев Зияткерлік мектебінің командасы

ЖАРАС СЕРІК, жаратылыстану-математика бағытындағы НЗМ оқушысы
– Жарыс жақсы өтті. Компьютерлер де, компьютер клубтың өзі де жақсы. Бізге барлығы ұнады, жеңген ұнады, қатысушылар да ұнады. Сынақтарды біз өте жеңіл өттік. Барлығы – үш кезең болды. Үш кезеңде де есе жібермедік. 13-0 есебімен ұттық. Плей-оффта кейбір қиыншылықтар туды, бірақ бұл біздің жеңіске деген сенімімізді азайтуға кедергі жасаған жоқ. Барлық карта бойынша біз үстемдік қана көрсеттік деп айтсақ болады. Шамамен есепке алғанда біз 19 раундта ұттық.

Жарыстың қорытындысы бойынша екінші орынды БЭСТ мектебінің оқушылары еншілесе, үздік үштікті №6 мектептің намысын қорғаған жастар тұйықтады. Жалпы, “OTAN 2026” кибертурниріне Петропавл қаласынан барлығы – 20-ға жуық команда, шамамен 140 оқушы қатысты.

ТИМУР ӘЛЖАНОВ, СҚО бойынша әскери-патриоттық тәрбие беру жөніндегі үйлестіруші:
–  Counter-Strikе жасөспірімдер арасында кең таралған.
Сондай-ақ, FIFA, Mobile Legends ойындарынан жарыс ұйымдастырамыз. Осы сынды іс-шаралар өңірімізде 2 жыл қатарынан өткізіліп келеді және цифрлық турнирлердің әртүрлі бағыттарын сынақтан өткізіп, апробация жұмыстарын жүргіздік. Жалпы, балалардың киберспортқа деген қызығушылығы зор, сондықтан біз бұл қозғалыстар мен ойындарды жалғастыруға ниеттіміз.

Турнирдің жүлде қоры 300 мың теңгені құрады. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта киберспортпен қатар VR және әскери-тактикалық ойындарды дамытып, жасөспірімдерге арналған жобаларды жалғастыруды жоспарлап отыр.

Сандугаш Кайырбек