Биыл облыста 2082 қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19 пайызға аз. Оң динамика өңірдің барлық ауданында байқалады. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті облыстық департаментінің мамандары заңбұзушылықтар саны көп тіркелген аумақтарды анықтаған. Көш басында әдеттегідей Петропавл қаласы тұр.
ЕЛШАТ ЕРЖАН, ҚР БП ҚСжАЕК СҚО бойынша департаментінің бөлім прокуроры:
– “Облыстағы қылмыстардың 65 пайызы Петропавлда тіркелді. Биыл өңірде ұрлық – 15,7, бопсалау – 28,6 пайызға, алаяқтық – 31, бұзақылық 20 пайызға төмендеген”.
СҚО-да биыл мыңға жуық ұрлық пен алаяқтық фактісі тіркелді
Биыл облыста алаяқтық және ұрлық деректері көптеп тіркелген. Екеуін қоса алғанда фактілер саны мыңға жуықтайды. Сонымен қатар, өңірде бұзақылық пен бопсалау бойынша бірнеше қылмыс болған.
Ұрлық – 419
Алаяқтық – 497
Бұзақылық – 40
Бопсалау – 10
Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, кей қылмыстар бойынша былтырғыға қарағанда өсім байқалады.
ЕЛШАТ ЕРЖАН, ҚР БП ҚСжАЕК СҚО бойынша департаментінің бөлім прокуроры:
– “Облыста денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактілері 12,8 пайызға өсті. Адам өліміне әкеп соққан жағдайлар да аз емес. Сондай-ақ, зорлау мен мал ұрлығы деректері бойынша да өсім байқалады”.
Дәлірек айтсақ, аймақта денсаулыққа қасақана зиян келтірудің 53 фактісі тіркелген. Салдарынан 9 адам қаза тапқан. Сондай-ақ, 10 – зорлау, 11 мал ұрлығы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– “Мамандар сұхбат барысында киберқылмысқа да ерекше назар аударды. Себебі, облыста интернет-алаяқтық фактілері 25 пайызға азайғанымен, залал көлемі кемімей тұр. Жыл басынан қулығына құрық бойламайтындардың кесірінен жерлестеріміз 1 млрд теңгеден астам шығынға батқан. Жайсыз жайттардың алдын алу мақсатында мамандар тұрғындарды банк картасының құпия сөздерін ешкімге айтпауға, жоғалтып алсаңыз бірден бұғаттау қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ, “сыйақы” үшін бөгде тұлғалардың ақшасын қабылдамауды сұрайды”.
Нурасыл Ахмет