Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде заманауи Экохаб орталығы ашылды. Бұл – болашақ экологтар, географтар мен “Jasyl Team” клубының белсенділеріне арналған жаңа шығармашылық кеңістік. Жаңа кабинет қалдықтарды қайта өңдеуге арналған заманауи құрылғылармен жабдықталған. Негізгі мақсат – жастардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, пайдаланылған заттарға екінші өмір сыйлау.
Университеттің әрбір корпусында пластик пен қағазды бөлек сұрыптауға арналған арнайы экобокстар орнатылған. Жиналған қалдықтың бір бөлігі осы Экохабта қайта өңделсе, қалған негізгі бөлігі серіктес “Радуға” кәсіпорнына тапсырылады. Орталықта қалдықты қысыммен басу және ұсақтау аппараттары орнатылған. Студенттер оқытушылармен бірге қайта өңделген пластиктен университет брендімен арнайы брелоктар мен кәдесыйлар жасап шығарады.
ПЕТР ШАРАПАЕВ, “Радуга” ЖШС атқарушы директоры:
– “Біз “География және экология” кафедрасымен тығыз әріптестікте жұмыс істейміз. Студенттер бізге өндірістік практикаға келеді. Қазір компаниямыз облыс пен қаланың коммуналдық қалдықтарын басқару бағдарламасын жазуға қатысып жатыр. Осы бағытта студенттермен бірлесіп жұмыс істеп, болашақта осы мәліметтер негізінде дипломдық жобалар жазуды жоспарлаудамыз”.
Экохабтың ашылуына университеттегі “Jasyl Team” экологиялық клубының студенттері мұрындық болды. Бүгінде бұл ұйымда 200-ге жуық белсенді жас бар. Олар өткен жылы “3-2-1 Старт!” халықаралық жобасына қатысып, 5 млн теңге грант ұтып алған болатын. Сол қаржыға Экохабқа қажетті арнайы жабдықтар сатып алынды. Белсенді студенттер апта сайын экологиялық сенбіліктер ұйымдастырып, қоршаған ортаны тазарту жұмыстарына атсалысады.
ДИАНА ҚАЙЫРГЕЛДИНА, “Jasyl Team” клубының мүшесі:
– “Осы экологиялық клубтың басты мақсаты – жалпы жастардың арасында осы экологиялық мәдениетті дамыту болып табылады, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікті, жауапкершілікті арттыру болып табылады”.
Жаңа орталықтың мүмкіндігін тек студенттер емес, мектеп оқушылары да көре алады. Мұнда мектеп оқушыларына арналған ашық сабақтар ұйымдастырылып, оларды бала жастан табиғатты қорғауға баулу көзделген. Жалпы, университеттің “География және экология” кафедрасында 400-ден астам студент білім алуда.
АННА КОРНИЛОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ математика және жаратылыстану факультетінің деканы:
– “Мұндағы құрылғылар студенттерге болашақ кәсіби қызметінде қажет болатын маңызды дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Бұл тек экологтар үшін емес, барлық студент үшін маңызды. Оқушылар да кішкентай кезінен экология мәселесімен, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу принципімен танысуы керек. Университеттің барлық корпусында экобокстар орнатылған. Қоқыс сұрыптау студенттердің күнделікті әдетіне айналуы тиіс”.
Экохабтағы алғашқы практикалық сабақтар осы семестрде басталады. Қоқысқа екінші өмір сыйлап, қоршаған ортаны таза ұстауды мақсат еткен жастардың бұл бастамасы алдағы уақытта өз жемісін беретіні сөзсіз.
Жаннур Бектурганова