Петропавлда маусым айынан бастап “Қарасора-2026” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Негізгі мақсат – есірткі заттарының заңсыз айналымын анықтау, жолын кесу және есірткі қылмыстарының алдын алу. Көліктегі полиция қызметкерлері теміржол тораптары мен Петропавл әуежайындағы бақылауды күшейтті.
Қазір мефедрон, альфа-PVP мен психотроптық заттарды дайындауға арналған прекурсорларды тасымалдау тәуекелі жоғары дейді мамандар. Оңтүстік аймақтардан келген жолаушылардан марихуана, гашиш сияқты каннабиноидтар табылған жағдайлар да болды. Сол себептен, тәртіп сақшылары күн сайын халықаралық және облысаралық қатынастағы поездарда, сондай-ақ жүк тасымалы нысандарында жедел-іздестіру шараларын жүргізеді.
ДӘУРЕН БАЯХМЕТОВ, Петропавл станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің бөлімше бастығы:
– “Әр қадағалаушы құрамда екі қызметкер ілесіп жүреді. Тексеріске кинологтар мен қызметтік иттер де тартылады. Купеде немесе вагонда күдікті тұлға немесе иесіз жүк байқалса, ақпарат бірден кезекші бөлімге беріліп, жедел-тергеу тобы шақыртылады. Егер күдікті заттар табылса, бірден химиялық сараптамаға жіберіледі. Жүк және сөмкелер вокзалдағы органикалық және металды заттарды ажырататын арнайы рентген-сканерлер арқылы да мұқият тексеріледі”.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде тез әрі жеңіл ақша табасыз деген желеумен “жеңіл жұмыс” ұсынылады. Алайда, мамандар мұндай ұсынысқа сенбеуге және сақтық танытуға кеңес береді.
ИХЛАС ШАГИРОВ, Петропавл станциясындағы көліктегі полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары:
– “Петропавл станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің қызметкерлері, халық арасында түсіндіру жұмыстарын да жүргізеді. Жолаушыларға күдікті мессенджерлер мен Telegram-арналар бойынша есіртікі жайлы ақпарат тарататын күдікті сілтемелердің қаупі туралы баяндаймыз. Ақпараттық жаднамалар таратамыз”.
Есірткі қылмысымен күрес – бәрімізге ортақ міндет. Іс-шара барысында қамтылған тұрғындар мұндай профилактиканы шараны жиі ұйымдастыру қажет дейді.
Жыл басынан бері мамандар есірткі заңнамасын бұзудың 6 фактісін анықтаған. Оның екеуі “Қарасора” іс-шарасы барысында анықталыпты. Заңсыз айналымнан 30 грамға жуық синтетикалық және өсімдік тектес есірткі тәркіленген.
Жаннур Бектурганова