Қоғам

“Даму” қорының қолдауымен жаңа өндірістік жобалар жүзеге асуда

Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бірнеше мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда. Осы орайда «Даму» қоры кәсіпкерлердің жобаларын 3 негізгі бағыт бойынша қолдайды. Олар: жеңілдетілген қаржыландыру, несие бойынша кепілдік беру және пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау.

СЕРІКБЕК САРЖАН, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ СҚОФ директорының орынбасары:
– “СҚО-да 2026 жылдың басынан бері “Өрлеу” бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 2,3 млрд теңгені құрайтын 17 жоба қаржыландырылды. Ал “Іскер аймақ” бағдарламасы аясында 2,4 млрд теңгеге 35 жобаға қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге кепілдік беру тетігі де қолданылады. Жыл басынан бері қор 327 кепілдік берді”.

Қолдау алған ұйым – «Молсервис» серіктестігі. Кәсіпорын 35 жылдан бері сүт өнімдерін шығарып келеді. Өндірісті кеңейту, өнім түрлерін көбейту – негізгі басымдық. Сол үшін іргелі өндіріс орны «Дамудан» демеу сұраған.

ҒАЛИБЕК РАМАЗАНОВ, «Молсервис» ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:
– “Біз сүт өндіруден бастап, оны өңдеу, дайын өнім шығаруға дейінгі барлық жұмысты өзіміз атқарамыз. Кәсіпорынның жеке сүт фермасы мен мал азығын дайындайтын базасы бар. Өндірістің әр кезеңінде шикізат пен дайын өнімнің сапасы қатаң бақыланады. Өткен жылы тізімдегі тауарды көбейтіп, сары май өндіруді қолға алдық. Осы мақсатта банкке жүгіндік, “Өндіріс” бағдарламасын пайдаландық. Соның арқасында арнайы цех салдық”.

Өндірісті дамытуға қаржылай қолдау алған тағы бір кәсіпорын – «RM Stone». Мұнда түрлі крандар шығарылады. Кәсіпорынның құю өндірісінде шағын сәулет нысандары мен өнеркәсіптік жабдықтарға қажетті бөлшектер де дайындалады. Қазір ірі крандарды құрастыруға арналған жаңа цех жабдықталып жатыр.

АЗАТ ЗАЛЯЕВ, «RM Stone» ЖШС бас директоры:
– Даму» қорының қолдауын бірнеше рет пайдаландық. Алғашқы несие желісі айналым қаражатын толықтыруға және өндірісті дамытуға көмектесті. Биыл «Өндіріс» бағдарламасы аясында қаржыландыру алдық. Жеңілдетілген пайыздық мөлшерлеме несие жүктемесін едәуір азайтуға мүмкіндік берді. Қазір жаңа құрастыру цехын салып жатырмыз. Мұнда аралығы 32 метрден 70 метрге дейінгі ірі крандарды жинау жоспарланған”.

Айта кету керек, 2025 жылы «Даму» қоры еліміз бойынша 13 мың жобаны қолдап, бастамаларға 2,2 трлн теңге бағыттады. Ал 2026 жылы бұл көрсеткішті 2,5 трлн теңгеге жеткізу жоспарланған.

Жансая Дербисова