Қоғам

Петропавлда жұмысшы мерт болды

Жұмысқа кетіп, үйіне оралмады! Петропавлдағы макарон өнімдерін шығаратын «Сұлтан» фабрикасында 35 жастағы ер адам көз жұмды. Оқиға барысына толығырақ тоқталсақ, қазанның 12-ші жұлдызына қараған түні маман қамыр илейтін қондырғыны тазалауға кіріскен. Сол сәтте аппарат өздігінен қосылып кетіпті. Салдарынан қызметкер ауыр жарақат алған. Өкінішке қарай, облыс орталығының тұрғыны жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін бақилық болды. Айта кету керек, марқұм аталған кәсіпорында 13 жыл еңбек еткен.

АЗАТ КӨШЕРБАЕВ, СҚО бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті басшысының орынбасары:
– “Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Арнайы комиссия құрылды. Неліктен қондырғының электр қуатынан ажыратылмағанын анықтаймыз. Кәсіпорынға барып, еңбек қауіпсіздігі талаптары қаншалықты сақталғандығын тексереміз”.

Жыл басынан облыстағы өндіріс орындарында 28 жазатайым оқиға тіркелген. Өкінішке қарай, 3 қызметкер көз жұмды.

Нурасыл Ахмет