Петропавлда зейнеткер алаяқтардың арбауына түсіп, бар жиған-тергенінен айырылып қала жаздады. 73 жастағы әйелге өзін “Қазақтелеком” операторының қызметкері ретінде таныстырған ер адам қоңырау шалған. Ол интернетті пайдалану мерзімі аяқталғанын және оны ұзарту қажеттігін айтқан. Қулар “Мұның барлығын үйден шықпай-ақ істеуге болады, тек SMS арқылы келген кодты айтсаңыз болғаны” деп нәзікжандыны сендірген. Бұл – алаяқтықтың алғашқы кезеңі.
НИНА ЛЮБЕНКО, зейнеткер:
– “Алаяқтар жағдайымды ойлаған секілді болып асты-үстіме түсті. Жарты сағат бойы сөйлестік. Бір қызығы, мен телефонға келген сандарды айтсам да, ол кезде әлі маған несие рәсімделмепті. Қулар мені басқа айла-амал арқылы алдағысы келді”.
Келесі күні алаяқ зейнеткерге қайта қоңырау шалады. Бұл жолы ол өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, кеше оның атына 5 млн теңге несие рәсімделгенін айтқан. Жағдайды түзету үшін депозиттегі бар жиған-тергенін шешіп, оны “қауіпсіз шотқа” аударуға көндіреді.
Қулығына құрық бойламайтындар тіпті нәзікжандының банкке барып ақша алуы үшін арнайы такси шақырып беріпті. Рөл тізгінінде жеке кәсіпкер Виктор Тимофеев болған. Оның сөзінше, жол бойы жолаушыға телефон арқылы біреу нұсқау беріп отырған.
ВИКТОР ТИМОФЕЕВ, жеке кәсіпкер:
– “Жолаушыдан не болғанын, не істеп бара жатқанын сұрай бастадым. Ол банктен ақшаны шешіп, немересіне сыйлық жасағысы келетінін айтты. Бірақ маған мұның бәрі күдікті көрінді. Нәзікжандыға хабарласып тұрған алаяқтар екенін айттым. Банкке келген соң ішке кіріп, менеджерге барып, әйелді бақылауды өтіндім”.
Мұнымен қоймай такси жүргізушісі 102 нөміріне қоңырау шалады. Полицейлер оқиға орнына жедел жетіп, зейнеткерге бұның кең таралған алаяқтық схемасы екенін түсіндірді. Абырой болғанда, нәзікжанды барлығын дер кезінде ұғып, шығынға батпады. Айта кетейік, биыл облыста 400-ден астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Келтірілген залал көлемі 1 млрд теңгеден асып жығылады.
Нурасыл Ахмет