Петропавлда спорттық бал биінен қала әкімінің ашық кубогы өтті. Жарысқа еліміздің әр өңірінен 500-ден астам биші жиналды. Көкшетау, Астана, Рудный, Алматы, Павлодар және басқа қалалардан келген жасөспірімдер мың бұралып, көздің жауын алды. Сайыс 2 бағыттан тұрды. Қатысушылар жұп және жекелей түрде өнер көрсетті.
ИВАН КИМЛАЧ, «Қазақстанның би ұйымы» ҚБ президенті:
– “Жарыс 4 кезеңнен тұрады. Оның қорытындысы бойынша еліміздің рейтингіне енген қатысушылардың орны анықталады. Сонымен қатар, осы додада жоғары нәтиже көрсеткен бишілер ел біріншілігінде жүлделі орындар үшін бақ сынауға мүмкіндік алады. Ал Қазақстан чемпионаты желтоқсан айында өтеді. Жеңімпаздарға медальдар, кубоктар мен дипломдар табысталады. Тізімнің көш басынан көрінгендерге ақшалай сыйлықтар да қарастырылды”.
Спорттық бал биінде биік белестерді бағындырып жүрген Алтынай Жұмабай біріншілікке қонақ ретінде шақырылған. Екі дүркін Әлем чемпионы, Еуропа чемпионы әрі халықаралық жарыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы сахнада «Томирис» атты шоу-номер ұсынды.
АЛЕКСАНДРА ЕРЕМЕЕВА, «Қазақстанның би ұйымы» ҚБ вице-президенті:
– “Петропавлда спорттық бал биінен түрлі жарыстар 20 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұған дейін ел кубогы мен Қазақстан чемпионаттары ұйымдастырылды. Биыл біз осы дәстүрді қайта жаңғыртып отырмыз. Келесі жылы жарыстың ауқымын кеңейтіп, одан да ірі деңгейде өткізуді жоспарлап қойдық”.
Биге деген қызығушылық балалық шақта басталып, қазіргі кезде сүйікті іске айналды. Петропавлдық Дәрия Шаимова спорттық бал биімен 9 жылдан бері айналысады. Ол небәрі 3 жасынан сахнада жүр.
ДӘРИЯ ШАИМОВА, қатысушы, Петропавл қаласы:
– “Маған спорттық бал биі өзінің ерекшелігімен ұнайды. Әр бидің өзіндік қимыл-қозғалысы мен әдемі сахналық киімдері бар. Жарыстарға жиі қатысып тұрамын. Қытайда 2-ші орын алдым, Қазақстанда да жүлделі орындарға ие болдым. Менің кумирім – Алтынай Жұмабай. Ол Германияда 1-ші орын алып, Италияда да бірнеше рет жүлдегер атанған. Оның өнері маған қатты ұнайды. Бұл турнирге тәжірибемді шыңдап, жүлделі орынға ие болу мақсатымен келдім”.
Спорттық бал биі – тек қимыл мен ырғақтың үйлесімі емес, табандылық пен еңбекті талап ететін өнер. Әрбір жарыс жас бишілерге жаңа мүмкіндік сыйлап, үлкен сахнаға бастар жолын ашады.
Жансая Дербисова